Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда терминалдардың өзі ажырата алмайтын жалған ақша шығарып жатыр

Алматыда осылай жалған ақшаны шебер жасайтын кәнігі алаяқтар шығып жатыр. Нигериялықтармен салыстырғанда, олардың қолынан шыққан купюраны заңды ақшадан ажырату мүмкін емес. Қылмыскерлердің бұл істі шебер меңгергені соншалық, өтірік қағазды тіпті терминалдар да қабылдайтын болыпты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

1390905130_img_3402

Жалған ақша жасаушылардың соңғы уақытта 3 есеге азаюы салықшыларды қуантып отырған жоқ. Себебі, сан азайған сайын, сапа артып барады. Қазір кәнігі алаяқтардың қолынан шыққан қағаз ақшаны қара халық түпнұсқадан ажырата алмайтын деңгейге жеткен.

«Жалған ақшаның сапасы көтерілгеніне байланысты, мысалы киви –әмиян және терминал арқылы аталған ақшаларды қабылдауда. Кейін ақшалар банктерден инкассация кезінде ғана жалған екені анықталған», – дейді Мемлекеттік кіріс департаментінің тергеушісі Сәкен Қондыбаев.

Әдетте, мұндай қылмысты алаяқтар топпен жүзеге асырады. Ол үшін пәтердің бір бөлмесі ғана жеткілікті. Мың, 2 мың және 5мың теңгелік купюраларды кәдімгі түрлі-түсті принтермен басып шығарады екен. Ал заңды ақшанікіндей дизайнды айнытпай жасау фотошоптің еншісінде. Бірі ақшаны тұтастай басып шығарса, енді бірі «екі еселеу» әдісін қолданады.

-70 проценті жалған ақша болса ,30 проценті оригинал..

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері өз үйінде емін-еркін ақша басып келген талай адамды құрықтаған. Десе де, бұл оңай шаруа емес. Себебі, сауда орындары мен жанармай бекеттерінен еш кедергісіз өтіп кететін ақша қолдан-қолға өтіп, бастапқы иесін табу біраз уақытты қажет етеді.

-Ал ақшаның жалған екенін анықтау үшін бірінші кезекте голограммасына мән беріңіз. Өтірік купюраның голограммасы сапасыз келеді. Ақшадағы арнайы жолаққа да назар аударған жөн. Әдетте заңды қағаздағы мұндай сызықтың түсі өзгереді. Ал өтірік ақшадағы жолақтың түсі қанық, әрі ол басқа өңге ауысып кетпейді.

Тіпті, қазір қағаз ақшаны қойып, темір теңгені де қолдан жасайтындар шығыпты. Оны да заңдысынан айыру қиын. Десе де, астыртын жасалған тиын уақыт өте келе сарғайып кетеді екен. Салмағы да нағыз ақшаға қарағанда жеңіл болады.

Ұлттық валютамызды қолдан жасағандардың жазасы ауыр. Оңай олжаны көздеген қылмыскерлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал олар жасаған жалған ақша бірден айналымнан шығарылады.

Талқылау