Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда заңсыз салынған дәмхананы қирату қайғылы аяқтала жаздады

Алматыда заңсыз салынған нысандарды қирату ісі жалғасуда. Сондай жұмыстардың бірі кеше қайғылы боп аяқталуға сәл қалды. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Безымянный

Дәмхананы бұзуға келген сот орындаушылары мен оларға қарсылық білдірген жұмысшылар қиранды астында қалып қоя жаздаған. Ал қоғамдық тамақтану орны заңсыз тұрғызылған екен. Иелері алдын-ала ескертуді құлаққа ілмегендіктен, нысан көптің көзінше мәжбүрлі түрде тас-талқан етілді.

Аты дардай Дінмұхаммед Қонаев атындағы халықаралық қорға тиесілі дәмхананың жұмысы бүгін қалыпты басталған. Қонақ арылмайтын жерде әдеттегідей үстел толы тамақ. Тек мұндағы тыныштықты арнайы техникамен бірге келген сот орындаушылары бұзды. Сөйтіп, көп ұзамай нысан жермен-жексен етіле бастады. Ал, сол қиранды астында дәмхана жұмысшылары мен сот орындаушыларының өздері қалып қоя жаздады.

Жылдар бойы жұмыс істеп келген дәмхананың заңсыз тұрғызылғаны анықталыпты. Нысанның бірқатар құжаттары жоқ. Әрі ол салынған жерді жалға беру мерзімі 1 жыл бұрын аяқталған.

“Жоспардан тыс тексеру кезінде аталған мекен-жай бойынша заңсыз құрылыс салынғаны анықталды. Жер телімін жалға беру мерзімі өтіп кеткен болатын”, – деді Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы Олжас Төлебаев.

Сондықтан шенеуніктер дәмхана иелерін сотқа беріпті. Ал 1 ай бұрын оны бұзу туралы шешім шыққан. Бірақ мұндағылар бұл шешіммен де келіспейтін сыңайлы. Дәмхана иелеріне нысанды өз еріктерімен бұзу үшін уақыт та беріліпті. Бірақ олар жұмыстарын алаңсыз жалғастыра берген. Сондықтан «Компотты» күштеп қиратудан басқа амал қалмады дейді сот орындаушылары.

“Осы уақытқа дейін ескерту хат бергенбіз, осы ғимараттың иелеріне. Бірақ, олар өз еріктерімен орындау туралы ешқандай шара қолданып отырған жоқ”, – дейді мемлекеттік сот орындаушысы Рахым Орынбаев.

Ақыры көптің көзінше жермен-жексен етілген дәмхананың қызметкерлері болса, аяқасты жұмыссыз қалғандарына қапалы.

“Білдік. Бірақ дәл бүгін болатынын білген жоқпыз. Жұмысшылардың бәріне қиын болады осы жер жабылса”, – дейді даяшы Асланбек Қадыржан.

Қала орталығындағы сауда үйінің алдыңғы бөлігі де заңсыз салынған. Қазір мұнда да бұзу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тек оны сот орындаушылары емес, шенеуніктердің сөзін екі етпеген кәсіпкердің өзі жасауда.

“Қазіргісі дұрыс шынында. Қаланың барлық жері қисық. Мен осыны бірнеше рет айттым. Сол күннен бастап жығып, жөндеп тастадым”, – дейді сауда үйінің иесі Оңғарбай Балкебайұлы.

Қалалық сәулет-құрылыс басқармасындағылар осындай заңсыз нысандарды шетінен сотқа беріп жатыр. Әрі қазір қалада коммерциялық мекемелердің қоршаулары қиратылуда. Өйткені олардың көбі мемлекетке тиесілі жерге орнатылған. Бұған қоса, Алматының Арбатындағы өзге нысандарды да тексеріс күтіп тұр дейді шенеуніктер. Ал бүгін бұзылған дәмхананың орнына не тұрғызылатыны әзірге белгісіз.

Оқи отырыңыз:

Жұма намазда 3 қателікке жол бермеңіз

Мамбет, калбит, Мырқымбай. Қазақстанда қандай сөздерді айтпауға кеңес беріледі

Аналық махаббатты сезінгісі келген әйел екі жасар баланы ұрлап тайып тұрған

Қазақстанда 18 миллионыншы тұрғын қашан дүниеге келеді

Талқылау