Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда шылым қорабындағы “құбыжық суреттерге” қатысты үлкен жанжал болды

Шылымқұмарларды қорқытатын “құбыжық суреттер”. Бүгін дизайнерлер қорапқа салынатын сондай бейнелерді көрсетті. Яғни, темекі сыртында енді бұдан былай өлі туылған шарана мен шіріген дене мүшелерінің суреттері бадырайып тұрмақ. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

15507

Сурет azh.kz

Шылымқор тұрмақ, шекпейтін кісінің өзін шошытып жіберетін жаңалық – өндірушілердің көңілінен шықпай қалды. Тіпті, қос тарап темекі үшін айқайласып, шылымға қарсы жасалған шерудің соңы қып-қызыл жанжалға ұласты.

Бір топ белсенді бүгін осылай көк түтінге қарсы ұрандатты. Бірі – жүрек, бірі – өкпе боп костюм киіп алғандар темекінің зияны туралы тамағы жыртылғанша айқайлады. Онысына өздері мәз болып, қалжыңдасып та алды. Бірақ, оларды тыңдаған жан болмады. Шеруді сырттай бақылап тұрғандар әрі қарай да шіреніп шылымын шегіп тұр. Десе де, шылымқорларды шошытатын нәрсе шеруден кейін болды. Дизайнерлер темекі сыртына салынатын сондай бейнелердің бірсыпасын көрсетті.

“Темекі сыртындағы қорқынышты суреттерді көрген адам шылымды тастайды деп сенеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да осыны қолдап отыр. Бұл суреттерден соң бәрі бірдей темекіден бас тартпаса да, бесіктен әлі белі шықпаған жастар ойланады деп үміттеніп отырмыз”, – деді “Темекі түтінінен азат Қазақстан” қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.

“Құбыжық суреттердің” ішінде өлген сәбиден бастап, шіріген дене мүшелеріне дейін де бар. Қанталаған ми мен құрттаған өкпенің де суреті енді темекінің бетіне түспек. Күрескерлердің пікірінше, осылай жұртты қорқыту арқылы оларды жаман әдеттен арылтуға болады екен. Тек өз маркасында мәйіт бейнесінің тұруы бизнесмендердің көңілінен шықпай қалды.

“Темекіге қарсылық білдірушілердің өткізіп жүрген акциялардан түк пайда жоқ. Ол суреттерді көріп, ешкім де темекіні тастап кеткен жоқ. Құр бекер ақша шашудың амалы бұл”, – дейді “Бинес жемқорлыққа қарсы” альянсының белсендісі Кирилл Павлов.

Темекінің жаңа дизайнына қарсы шыққандар темекі өндірушілерін біресе жақтап, біресе даттап ақыры қорап сыртындағы сурет үшін тараптар жанжалдасып тынды.

Қалай дегенмен де, темекі өндіруші компаниялар келесі жылдың 15-қарашасына дейін “құбыжық суреттерді” қораптарына жапсыруы тиіс. Бұл Қазақстанда жасалған және шетелдік маркілі брендттердің бәріне міндетті. Бірақ, бұл шараның да қаншалықты тиімді болары белгісіз. Өйткені, жұрттың алдында “темекіге қарсымыз” деп қызыл кеңірдек болғандар журналистер тарап кеткенде темекіні рақаттана тартып жүрді.

Талқылау