Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда психоневрологиялық интернат-үйінің басшысы тәрбиешілерден науқас балалардың санын көбейтуді талап еткен

Алматыда психикалық науқас балаларға қатысты өткен жиында психоневрологиялық мекемелердің бірінде қызмет еткен тәрбиеші жаға ұстатарлық мәлімдеме жасады. Айтуынша, ақыл-есі кем балалардың санын көбейтуге мекеме басшылары арнайы тапсырма берген екен. Өйткені, ауырсын-ауырмасын, әйтеуір науқас балалардың саны неғұрлым көп болса, бюджеттен ақша соғұрлұм көп бөлінетін көрінеді.

науқастар

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

24 жыл ақыл-есі кем балаларды бағып-қаққан Любовь Хасанова ащы шындықты тек қызметтен кеткендер айта алады дейді. Сау баланы науқастар санатына қосудың түпкі мақсаты интернатқа бөлінетін қаржы көлемін арттыру дейді ол. Адам аттары мен оқиға мерзімін нақты атамаған Хасанова ханым дәрігерлер балаларды тексергенде олар туралы теріс пікір білдіруді талап ететін дейді.

«Дәрігер келіп сұрайды, жақсы өзгеріс бар ма деп. Медбикенің бірі маған тексеруге апарған бала туралы айғайлайды, тістейді, ұйықтамайды, ұрады деп айтқызатын. Мен кейін өзінен сұрадым, неге сау баланы сау деп айтпаймыз деп. Сонда ол нағыз жындылар бар ғой сендерде, кейін айтасыңдар дәрі жетіспейді, нормадан асып кетті деп сұрайсыңдар деді»,-дейді психоневрологиялық интернаттың бұрынғы қызметкері Любовь Хасанова

Ал психоневрологиялық интернат басшылары Хасанованың аталған мекемеде қызмет еткенін растады. Бірақ бұрынғы әріптестерінің не себепті мұндай мәлімдеме жасағанын түсінбей дал. Журналистерді мекемеге аса сақтықпен кіргізген интернат қызметкерлері сау баланы науқас деп тану бір адамның ғана қолынан келмейді дейді. Соңғы жылдары тексеруден көз ашпаған интернат өкілдері барынша ақталып бақты.

«Направление арқылы осы жерге балаларды қабылдаймыз. Ол жерде құжаттар бар, бала ПМПК-дан өтеді. Педагогикалық жағынан қабілетсіз деп, мектепте оқуға жарамсыз деген»,- дейді психоневрологиялық интернат-үй директорының орынбасары Үміт Кенжебекова

Бұрынғы қызметтестерінің сөзін түгелдей жоққа шығарған мекеме басшылары мұнда сау балалардың келуі мүмкін емес дейді. Бірақ соңғы он шақты жылда мұнда науқас болып келіп, ақыл-есі түзеліп қайтқан бір-екі жағдай кездесіпті. Бұл бірақ өте сирек жағдай екен.

Талқылау