Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда пойыздағы кір жаймаға қатысты дау қайта жалғасты

Темір жол төңірегіндегі тартыс әлі тарқамай тұр. «Тұлпар Тальго» пойызындағы төсек жаймаларын дұрыс жумайды деп айыпталған «Ардагер» фирмасының басшылары енді «Жолаушылар тасымалы» компаниясын кінәлады. Себебі, ондағылар төрт жылдан бері төсек қаптамаларын жаңартпаған. Соның салдарынан әбден ескірген жаймаларды қанша жусаң да кірі ашылмайтын көрінеді. Қос тарап осылай қырық пышақ болып жүргенде жолаушылар тозығы жеткен төсекте жатуға мәжбүр,- деп хабарлайды ктк арнасы.

ppLPia8lTRY72i6p5jKG3226CkD9bT

 

Теміржол вагондарындағы төсектің тазалығына қатысты дау бүгін тағы да өрши түсті. Себебі Роза Шамсуддинова «Тұлпар Тальго» пойызындағы кір-қоңды жуатын «Ардагер» компаниясының артына шам алып түскен сыңайлы. Бір апта бұрын ғана кір қаптамаларды қолтықтап келген ол бұл жолы қат-қат қағаз да әкеліпті. Онда «Ардагер» компаниясы мен «Экспресс» филиалы арасында жасалған келісім-шарттың біржақты бұзылғанын дәлелдейтін құжаттар да бар екен.

 
«Они свои услуги не выполнили. Односторонно договор расторгнуто. 20 дней они стирает не законно. Три дня они стирали»,- дейді «Жолаушылар тасымалы» компаниясы «Экспресс» филиалы директорының орынбасары Роза Шамсуддинова.

Алайда «Ардагер» компаниясы әлі күнге кір жууын тоқтатқан жоқ. Керісінше күн сайын жеті тоннаға дейін төсек жабындыларын жуып-тазалап тапсырыс берушілерге уақытында жеткізіп отырады екен. Ол үшін тиісті құрал-жабдықтар мен жұмыс күші де жеткілікті дейді. Бірақ екі тарап арасында ешқандай жаңа келісім жасалмапты.

 
«Келісім-шарттың бұзылғаны рас. Бірақ қайтадан жалғастырып істеп жатырмыз. Бір-бірімізге ешқандай кінә артып жатқан жоқпыз»,- «Ардагер» ЖШС директоры Байдәулет Дәркенбаев.

Алайда Роза Шамсуддинова кем-кетік іздеуден шаршамайтын сыңайлы. Бұл жолы да ол таза төсек тыстарын сақтайтын қойманың лас екенін бетке басты. Тек «ардагерліктер» оның тырнақ астынан кір іздеп, басқа компаниялардың сойылын соғып жүргеніне сенімді.

 
Ең қызығы, қос тараптың тартысынан біраз былықтың беті ашылды. «Ардагер» фирмасындағылардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы төсек қаптамаларының алпыз пайызы әбден ескірген. Тіпті 2012 жылдан бері жаңартылмаған жабындылар да бар. Сондықтан оларды қанша жусаң да кірі ашылмайды екен.
«Жылына бір рет міндетті түрде ауыстырып отыру керек. Сол Роза Шамсуддинованың міндеті екен. Бұл кісі өзінің артындағы кінәсін айналдырып әкеліп бізге жауып отыр. Ол кісінің көрсеткені 2012-13 жылғы төсектер»,- деп қосады «Ардагер» ЖШС директоры Байдәулет Дәркенбаев.

Тоз-тозы шыққан төсек тыстарын енді ардагерлер өз ақшаларына алмастырмақшы. Яғни олар төрт жарым мың жиынтық жабындыға тапсырыс беріп қойыпты. Ал жолаушылардың кір-қоңын жуу үшін бір жылға 103 миллион теңге қарастырылған.

Талқылау