Алматыда әйелін арқалап жүгіруден чемпионат өтті (фото)
Бүгін мамырдың 15-і күні Алматы қаласы Сайран көлінің жағасында отағасы әйелін арқалап жүгіруден чемпионат өтті. Аталған чемпионат халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылды.
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Мамырдың 15-і күні елімізде отағасының әйелін арқалап жүгіретін ерекше сайыс өтті. Аталған сайысқа некелерін заңдастырған жалпы 26 жұп қатысты. Олар тіркеуге неке куәліктерін ала келді. Мұнымен қатар, тіркелуші әйелдердің салмағы 49 келіден кем болмауы тиіс деген шарт қойылды. Кем болған жағдайда ер азаматтар қолына қосымша жүк арқалады.
Ерлер әйелдерін арқалап 253,3 метр қашықтықты жүгіріп өтті. Сайыскерлердің алдына түрлі кедергі қойылып, тіпті көл ішінде жүгіруге мәжбүр болды. Отағасы мәре сызығына бірінші болып келіп қана қоймай, әйелінің жарақат алып қалмауын қадағалады. Әйтпесе ұпайдан ұтылып немесе жарыстан шеттетілуі мүмкін еді.
Мәре сызығына әйелдерін қалай арқалап келетіні аса маңызды рөл ойнаған жоқ. Бірі мойындарына отырғызса, енді бірі арқалап жүгірді. Жолда жұбайын құлатып, өздері жарақат алып жатқандар да болды.
“Мұндай сайысқа біз бірінші рет қатысып отырмыз. Тұрақты түрде фитнеспен айналысқанымыз болмаса, алдын ала дайындалған жоқпыз. Су өте суық болса да, сайыстың өзі керемет көңіл-күй сыйлады. Жұбайым маған сенеді, ал мен оны қатты жақсы көремін. Осы сезімнің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бұл жолы 1:50 секунд ішінде мәре сызығына жүгіріп келдік. Енді бір жыл бойы жақсылап дайындалып, келесі жылы да міндетті түрде қатысамыз”, – дейді сайыскерлердің бірі Тимур Оспанов.
“Осы уақытқа дейін көл ішіне кіріп жаттықпаған соң, бәрінен де суға түскен қиын болды. Арасында сүйіктімді бірнеше рет құлатып ала жаздадым. Аса қатты дайындық жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Жаңбыр жауса да, жарыстың тоқтамағанын қаладым. Ол мұнда келген қаншама отбасыға керемет көңіл-күй сыйлады. Ал жұбайыммен некелескенімізге 6 жыл толды”, – дейді бірінші орын иегері Жанғабұлов Тимур.
Сайыстың жеңімпазы отағасының сөзіне қосылмады. Оның айтуынша, жолдасының өзін бірнеше рет құлатып ала жаздағанын тіпті байқамаған.
“Шынымды айтсам, мені құлатып ала жаздағанын білген жоқпын. Бұл туралы айтпасақ та болатын еді. Бір-бірімізге деген сенім арта түсті деп айта алмаймын. Себебі, біз бұл сайыссыз-ақ бақытты ғұмыр кешіп жаттық. Сүйіктім мені үнемі алақанына салып аялайды деп те өтірік айтпаймын. Өйткені, біздің алақанымызға салып аялайтын екі алтын қызымыз бар”, – дейді Жанғабұлова Инна.
“Бүгін халықаралық отбасы күні. Біз салауатты өмір салтын дәріптегіміз келді. Мұнымен қатар, отбасылық құндылықтар жаңғыра түссін деген ниетте болдық. Отасқанға дейін жігіт қызға қалай уәде берсе, отбасын құрған соң дәл солай бақытты қылғанын қаладық. Жалпы үш-үш жұптан құралған тоғыз жүгіріс болды”, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Назар Мұхамеджанов.
Бірінші орынды Жанғабұлов Тимур мен Инна (1:40,7 сек.) иеленді. Екінші орынға Галушкин Иван мен жұбайы Ирина (1:46 сек.) жайғасса, үшінші орынды Шестаков Артем мен Лилия (1:49,5 сек.) еншіледі.
Wife carrying World Championship 1992 жылдан бері жыл сайын Финляндияның Сонкаярви қаласында өткізіліп келеді. Қазіргі таңда мұндай турнирлер Азия мен Американың көптеген аймағынды ұйымдастырылып жүр.