Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда “Оңай” электронды төлем жүйесіне жолаушылар наразылығы қайта көбейді

Алматыда “Оңай” электронды төлем жүйесіне жолаушылар наразылығы қайта көбейді. Олардың айтуынша, төлем карталарындағы қаражат ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Жүйе енгізілгелі арыз-шағымның астында қалған қалалық көлік холдингі бұлай болуы мүмкін емес деп отыр.

Безымянный

Сурет inform.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

“Оңай” электронды төлем жүйесінің толыққанды іске қосылғанына жарты жылға жуық уақыт болса да, шағымданушылардың қатары әлі сиреген жоқ. Олардың негізгі наразылығы – карталарына құйылған ақшаның еш себепсіз күйіп кетуі және төлем қабылдайтын құрылғының дұрыс жұмыс істемеуі. Жолаушылардың кейбірі бұл жайтты “Оңай” жүйесінің оңай жолмен кіріс көбейту үшін жасалған құйтырқы әрекеті дейді.

“1000 теңге салғам. Бес-алты рет жүргеннен кейін бітіп қалды ішіндегі ақшалар. Қайда кеткенін оның?..” – дейді тұрғын.

Бұл жағдайды автобус жүргізушілері мен “Оңай” бақылаушылары да жолаушылар жиі шағым айтады деп растап отыр.

“Неге ақшасын жеп қояды? – Білмеймін. Оны бізге ешкім айтпайды. – Бірақ ақшаны жеп қояды деп жұрт шулайды ма? – Иә, жұрт шулайды”, – дейді Азамат есімді бақылаушы.

Ал көлік холдингінің өкілі картадағы төлемнің себепсіз жұтылып кетуі мүмкін емес дейді. Оған көз жеткізу үшін жолаушылардың төлем тізімі “Оңай.кз” сайтындағы жеке кабинетінде сақталатынын айтады. Дегенмен осы мәселемен адамдардың тым көп шағымданатынын мойындап отыр.

“Ақшамыз кетіп қалды деп айтады жолаушылар. Біздің программамыз екі рет ақшаны алу үшін ешқандай рұқсат бермейді. Ол бір рет тіркелген кезде автобустың терминалында тек бір-ақ рет регистрация жасайды. Егерде жолаушылардың сұрағы болса, карточканың артқы жағында телефон нөмері бар”, – дейді “Алматы қаласы көлік холдингі” ЖШС ресми өкілі:

“Оңайға” қатысты тағы бір мәселе, қаладағы кейбір бағыттық автобустарда заңсыз кондукторлар әлі жұмыс істеп жатыр. Бұл да көлеңкелі бизнеске кетіп жатқан қаражат. Ал бүгінге дейін 1 200 000-ға жуық “Оңай” карталары таратылыпты. Бірақ қыруар қаржы жұмсалып енгізілген жүйе әлі шығынды ақтап, кіріс кіргізе қоймапты.

Талқылау