Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда “Оңай” төлем жүйесі іске қосылған күні біраз халықты әуреге салды

Алматыда аты жарты жыл жарнамаланған “Оңай” деп аталатын төлем жүйесі бүгіннен бастап барлық қоғамдық көліктерде іске қосылды.  Жалпы, жаңа жүйені жұрт әуелден-ақ жақтырмай қабылдаған еді.

88_main

Сурет авторы  Мүхтар Жиренов.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды. Алматы қалалық көлік холдингінің кеңсесі таң атқалы нөпір халықтан босамады. Бәрінің мәселесі бір – “Оңай” төлем картасына қатысты. Жиналғандардың дені – студенттер. Оқу орны беруі тиіс жол жүру картасы әлі күнге қолдарына тимеген. Айтуларынша, техникалық база жұмыс істемейді. Студенттердің бірі бүгін екі мәрте автобустан күштеп түсірілгенін айтады.

«Бізге университет базаны дұрыс толтырмай, карточка бермеген “оңай” жүйесінің. Студенттердің көбісіне бермеген. Сол мәселемен келіп тұрмыз. Мына жаққа келсек, бұлар университетке жібереді. Университет осында жібереді. Карточкамызды ала алмай жүрміз»,-дейді студент Қуаныш Сарманқұлов.

Оған қоса, терминалдан төлем картасына салынған ақша бірден түспей қинайды дейді жолаушылар. Қоғамдық көліктердегі “оңай” терминалдары да жиі істен шығады деп шағымданады.

Алматы көлік холдингінің мәліметінше, бүгінге дейін жарты миллионнан астам “Оңай” карточкасы сатылыпты. Алайда жолаушылардың көпшілігі бұл картаны әлі де алып үлгермеген. Сондықтан қоғамдық көлікке кіргенде амалсыздан қолма қол төлем жасауға мәжбүр.

“Оңайдан” жақсылық күтетін жүргізушілер еңбекақының аздығын айтады. Сондай жүргізушінің бірі Исабек Сүлейменов жаңа жүйеге халық үйрене алмай жатыр дейді. Өткен айда 60 мың теңге алған ол айлық көбейер деген үмітте.

«Таңғы төртте тұрамыз. Түнгі 11-12-де үйге келеміз. Негізі, айлық аз деп ойлаймын. “Оңай” жүйесі шыққалы айлық жақсы төлейміз деген»,-дейді автобус жүргізушісі Исабек Сүлейменов.

Жаңа жүйе толық іске қосылған алғашқы күні-ақ біраз келеңсіздік байқалды. Олар: кей бағыттарда кондукторлар жолақы жинаған, біраз көлікте терминал уақытша істен шыққан, тіпті, жүргізушілердің жолақы жинағаны да жиі ұшырасты. Заң бойынша бұл әрекетке 10 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылған. Алайда мұндай еркіндік 18 қаңтарға дейін ғана.

«18 қаңтардан кейін терминал істеген жағдайда карточкасы болмаған адам автобусқа отыратын болса, оған екі айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 4242 теңге мөлшерінде айыппұл салынады»,-дейді «Алматы қаласы Көлік Холдингі» ЖШС-нің баспасөз хатшысы Мәдина Әлімжанова.

“Оңай” басшылары сатылуы тиіс картаның минималды мөлшері 2 миллион деп меже қойыпты. Ал бүгінге дейін сатылған карталар арқылы 300 миллион теңгеге ақша аударымы болған.

Талқылау