Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өлімнен аман қалған келіншек қаскөйлерден қандай азап көргенін айтып берді

Алматыда адам ұрлап ақша бопсалаған қос қарақшының сыбайластары іздестірілуде. Тәртіп сақшылары әзірге 57 жастағы әйелді қолды қылған екі күдіктіні ғана қолға түсірген. Алайда бір ажалдан аман қалған Ирина Астанина олардың 3-4 адам болғанын айтуда. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

scsc

Сондықтан ол өзін өлтірмек болғандардың бостандықта жүргеніне алаңдаулы. Қазір ауруханада жатқан жәбірленуші біздің тілшілерге сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндап берді.

Қарақшылардың қолынан аман қалған Ирина Астанина қазір Алматыдағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр. Үсті-басынан сау тамтық қалмаған келіншек енді ғана өзіне келе бастаған. Сондықтан басынан өткен шытырман оқиғаны бізге былайша баяндап берді.

“Қызыңды шақыр деді. Сосын ақшаны, алтындар мен үйдің құжаттарын қай жерде сақтайтынымды көрсетуді талап етті. Сойылмен басымнан ұрып, үстіме жанармай құйды. Қатты соққыдан есім ауып қалыпты. Сол сәтте олар үйдің астаң-кестеңін шығарып ақша іздеген”, – дейді жәбірленуші Ирина Астанина.

Ирина қарақшылардың бірін жазбай таныған. Себебі күдікті оның үйіне бұған дейін бірнеше мәрте келіп, өзін әкімшік қызметкері ретінде таныстырған. Бірақ ол кезде жәбірленуші есік ашпай қойған екен.

Бір апта бұрын бетперде киген белгісіз екі азамат “КазЦИК” елді мекеніндегі Ирина Астанинаның үйіне қарақшылық шабуыл жасаған. Қаскөйлер жалғызбасты әйелдің үйінде ірі мөлшерде ақша барын біліп, соны иеленбек болыпты. Сондықтан жәбірленушіні ұрып-соғып, тіпті үстіне жанармай құйып өртеп өлтірмек болған. Алайда тиісті қаражатты таппаған соң оны өз көлігіне зорлап мінгізіп, Алматы қаласына алып кеткен.

Жол-жөнекей қарақшылар зиратқа барып Иринаны тірідей көміп тастаймыз деп қорқытқан. Бірақ көкейін ақша тескен күдіктілер 57 жастағы әйелді тұтқыннан босату үшін құн сұрауға көшіпті. Сондықтан Мақатаев көшесінің бойындағы жалдамалы пәтерге әкеліп, екі тәулік бойы тағы да қинаған. Тіпті тұтқынның таныстарына хабарласып 100 мың доллар ақша талап еткен. Әбден шошынып қалған келіншек өзіне қастық қылғандардың кім екенін де біліп отыр. Тіпті тәртіп сақшыларына да тапсырыс берушілердің түрін түстеп айтып берген.

“Мені өлтірмекші болғандардың аты-жөндері Руслан Данияров пен Саид Гусейнов. Олар осыдан 10 жыл бұрын менің пәтерімді алаяқтық жолмен тартып алған. Содан сотқа беріп, баспанамды қайтарып алдым. Арада он жыл өткенде менен өш алмақшы”, – деді Ирина Астанина.

Алайда аты аталған азаматтарды полиция ұстамаған. Сондықтан жәбірленушінің отбасы қандықол қарақшылардың құқайынан қорқып отыр.

“Анамның және отбасымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймын. Себебі полиция Гусейнов Саидты қылмысқа қатысы жоқ деп босатып жіберген. Сондай-ақ, анамды алып жүрген көліктің жүргізушісін де босатқан”, – деді Ирина Астанинаның қызы Надежда.

Ал тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азаматты қамауға алған. Екеуі де бұрын есірткі сақтағаны және алаяқтағы үшін сотталып шыққан екен. Ал Саид Гусейнов пен көлік жүргізушісі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылыпты. Олардың бұл қылмысқа қатыстылығы тергеу барысында белгілі болмақ.

“Күдікті азаматтар Талғар ауданының 1964 және 1988 жылы туылған бұрын сотталған тұрғындары. Оларға қатысты ҚР ҚК адам ұрлау, қарақшылық және автокөлікті заңсыз иелену баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір күдікті тұлғалар қамауға алынды”, – деді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Жанар Төлегенқызы.

Қаныпезер қарақшылар Ирина Астанинаның қолын сындырып, басына зақым келтірген екен. Сондықтан жәбірленушіге енді ұзақ уақыт емделуге тура келеді. Бірақ бұл туралы ақхалаттылар жақ ашпай отыр. Өйткені ол жатқан ауруханада науқастың жағдайына жауапты бірде бір дәрігер жоқ болып шықты.

Талқылау