Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда оқушыны пышақтамақ болған педофил іздестіріліп жатыр

Алматыда педофил іздестіріліп жатыр. Ол қала іргесінде 10-шы сынып оқушысын зорламақ болған. Арам пиғылы жүзеге аспаған соң, дереу із-суытып үлгеріпті. Ауыл тұрғындары осы оқиғадан кейін, балаларын тысқа шығарудан қалыпты.

Бұл туралы “Алматы” арнасы хабарлайды.

Осы күні Теректі ауылынан тыныштық кеткен. Себебі, қаскөй арам ойын жүзеге асырмақ болғаннан бөлек, жасөспірімнің өмірін қия жаздапты. Күдіктінің қолында пышағы болған екен. Суық қаруымен қызды жарақаттап та үлгерген. Абырой болғанда, тұрғындар қызды құтқарып қалды.

Оқиға болған күні Алатау аудандық полиция қызметкерлері онда иісшіл иттермен келіп маңайды кезіп шыққан. Бірақ, ол қашып үлгерген. Қыздың суреттеуі бойынша қаскөйдің фотороботы жасалды. Күдіктінің бейнесін мына экраннан көруге болады. Бәлкім, танып-білген адамдар бар шығар арамызда. Қазір сол бойынша жақын маңдағы адамдар сұрастырылуда. Бұл жайттан кейін өрімдей қызды анасы қосымша сабаққа жібермейтін болыпты. Себебі, ол жайт қыз қосымша сабақтан келе жатқанда болған.

Оқиға Алатау ауданындағы «Теректі» ықшамауданында 19 қыркүйекте болған. Қаскөй қосымша сабақтан шыққан қызды алдап арбап, арам ойын іске асыруды көздеген. Күдікті жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін жасөспірімді бірнеше метрге дейін сүйреп алып барған. Қыз мынадай шөптерден ұстанып қалмақ болыпты. Алайда, оны ештеңе тоқтатпаған. Тек үніңді шығарсаң өлтіремін деп қорқытқан.

Өрімдей қыздың айқайлаған дауысын естіген адам табылыпты. Осы кезде куәгерлердің бірінің көзіне түсіп қалған ол жалма-жан қашып кетеді. “Мына талдың арасынан бір үлкен кісі алдымнан жүгіріп шықты, балам тоқташы деді. Мен машинамен келе жатқанмын. Не болды деп сұрасам қасында жарақаттанған қыз бар. Ол қызды ұрған болмаса, пышақтаған, қан кеткен. Үстіндегі кофтасы жыртылған. Өзінің денесін қолмен жауып келе жатыр. Қыз сөйлейтін шамада емес. Есін жоғалтып алған. Не болды деп едім? Біреу зорламақшы болып, мен үстінен келіп жабыстым деді. Әйел адам екен. Сөйтіп айқайладым, бір үлкен ер адам келді, бірақ ол кісінің шамасы жетпеді,  күдікті қашып кетті деді. Жүгіріп, жүгіріп іздедік. Мен өзім таппағаннан кейін қызды отырғызып алып үйіне алып барып, анасына, әжесіне, ағасына табыстадым”, – деді Куәгер, Құдайберген Жолиханов.

Қаскөй оқиға орнынан ізін жасырып үлгерді. Оқиға туралы естіген бойда қыздың туысқандары оны Алатау ауданының ІІБ алып барған. Жасөспірімнің суреттеуі бойынша оның фотороботы жасалды. Арын таптамақ болған қыздың анасы мен ағасы күнделікті ұялы телефонмен хабарласып, тәртіп сақшыларынан іс бойынша хабарды алып отыр.

Жәбірленушінің айтуынша, күдіктінің жасы 50-60 жас шамасында. Жасөспіріммен психологтар жұмыс істеуде. Ықшамаудан тұрғындарын дүрліктірген бұл жалғыз жағдай емес екен. Бұған дейін де тұрғындардың тыныштығын бұзған оқиғалар көп болыпты. Әзірге күдіктінің қашан қолға түсері белгісіз. Полицейлер оны анықтау үшін қосымша күш жұмылдырған. Бір анығы – әлгі азғынды ауыл тұрғындары осы маңнан бірнеше рет байқаған. Соған қарағанда, Теректіге жиі келетін көрінеді.


Жіберіп алмаңыз:

Алматы облысында бастауыш сынып ұстазы асылған күйінде табылды

“Абу-Даби Плаза” құрылысы басында мұнаралы кранның қауғасы сынып кетті

Қостанайда көшеде тыржаңалаш жүрген бойжеткен іздестіріліп жатыр

Прокурор Альфа банкті тонағандарды 8 жылға қамауды сұрады

Талқылау