Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда нөсерден зардап шеккен жұрт үйінен қайықпен шығуға мәжбүр

Жауын алматылықтар да титықтатып жатыр. Үйлері суға толған тұрғындар бүгінде төтенше жағдай өкілдерінен күдерін үзіп, шамасы жеткенше өздері қимылдауға көшкен. Тіпті, үйінен сыртқа шығу үшін қайықпен жүзіп өтетіндер де табылып жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

ввв

Бұл Түрксіб ауданында тұратын зейнеткерлердің үйі. Неше күннен бері баспананың бірінші қабатын жарты метр су алыпты. Қариялардың өздері төменге түсіп, сыртқа шығудан қалған. Маңайдағы үйлердің барлығында осы жағдай. Зар илеген жұртқа әдеттегідей жәрдем берер ешкім жоқ.

“Осы жаңбыр басталғалы осы көрген күніміз. Есіктің алдына жүре алмаймыз. Биыл енді шақырмадық. Өйткені, нәтиже жоқ”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Сұлухан Бүбітаева.

Жауын суы ағатын қаладағы арықтарға қоқыс толып, арнасы бітеліп қалған. Ал орталықтан алыс, шеткері аймақтарда арық дегеніңіз атымен жоқ. Қызыл су не сыртқа кетпей, не жерге сіңбей айналып кеп жер үйлерді басып қалған.

Бүгінде Алексей Генийдің өз ауласында жекеменшік көлі пайда болған. Күн сайын күн сайын сыртқа шығу үшін осы қайықтың көмегіне жүгінеді. Тереңдігі де тізеден асады. Тек төтенше жағдайлар қызметінің көмегінен күдер үзген. Сондықтан күн сайын мына судың барлығын өзі сыртқа ағызып жатыр. Үй ауласының осындай күйде тұрғанына бүгін үшінші күн. Телегей суды сыртқа төгу үшін Алексей төрт бірдей мотор сатып алыпты.

“Сусорғы сатып алдым. Алдында біреуі болған. Тағы екеуі күйіп кетті. Шамамыз келгенше өз күшімізбен тырбанып жатырмыз. Үйдің ішіндегі судың өзін әлі тауысып бітпедік. Ал ауланы тазалауға біраз күн кетейін деп тұр”, – дейді Алексей Гений.

Жалпы, облысты айтпағанның өзінде, Алматы қаласындағы жағдай қазір тым күрделі. Су басқан үйлердің ешбірінен құтқару қызметінің техникалары көрінбейді. Зардап шеккендердің нақты санын анықтау да мүмкін болмай барады. Қалыптасқан жағдайға қатысты қалалық төтенше жағдай департаменті де ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Талқылау