Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда нөсер жауынның кесірінен үй құлады (видео)

Алматыдағы нөсер жауынның салдарынан енді лай көшіп, тұрғын үйлерге қауіп төндіре бастады. Арнасынан асқан Есентай өзені қаланың ең элиталы ауданында орналасқан нысандарды шетінен шайып әкетуде, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

з

Мәселен осыдан үш күн бұрын жағалауға жапсарлас орналасқан сарай сол күйі қабақпен бірге опырылып, суға кеткен. Шошып қалған осы маңның тұрғындары енді заттарын жинастырып, кез-келген қауіпке дайын отыр.

Бұл видео 1-ші мамыр күні түсірілген. Онда жағалауға тым жақын салынған сарайдың қас-қағым сәтте жермен-жексен болғаны анық көрінеді. Себебі нөсер жауыннан арнасына сыймаған Есентай өзені жағалауды орып кеткен. Осының салдарынан лай көшіп, Вячеслав Паниннің қора-қопсысы қабақпен бірге қопарылып түсті.

-“Жауын суынан өзен көтеріліп, ағаштар мен тастарды ағызып келген. Осының кесірінен өзен арнасы біздің үйге қарай бұрылып кетті. Таңға  жуық оянсам сарайдың жартысы жарға ілініп тұр екен. Ішіндегі заттарды шамамыз жеткенше шығардық. Қалғаны құлады”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Вячеслав Панин.

Қора-қопсыны қиратқан көшкін қаупі әлі де сейілер емес. Себебі күн санап опырылып жатқан жағалау енді тұрғын үйлерге де жақындап келеді. Кезінде өзен арнасынан 50 метр қашықтыққа салынған мына баспана қазір жардың шетінде қалған. Сондықтан енді бір тасқын болса бұл үй де жермен жексен болуы мүмкін.

Алайда апатты жағдайда тұрған баспана атқамінерлерді аса алаңдатпайтын секілді. Себебі төтенше жағдай қызметкерлері тек өзен арнасын тазартып тайып тұрыпты. Сондықтан жүрегі шайылған тұрғындар кез-келген қауіпке дайын отыр. Аяқ-асты апат бола қалса қашу үшін  құжаттарын алып, жүктерін буып-түйіп қойған.

Талқылау