Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда несиесін төлей алмаған борышкерлер тағы шу шығарды

Алматыда борышкерлер тағы да шу шығарды! Қарызға белшеден батқан 30-ға жуық адам әдеттегідей банктерді аралап, жеңілдік жасалуын сұрады. Бұған дейін наразылықтың түр-түрін ұйымдастырған олар бүгін талаптары жазылған плакаттар ұстай келіпті. Айтуларынша, банктер мемлекеттен бөлінген ақшаны қалтасына басып, қайта қаржыландыру ісін қожыратып жіберген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Screenshot_1

Банктердің баспалдағын тоздырып, наразылық білдіруге еті үйренген борышкерлер кезінде несиеге қымбат пәтер алып, уақытылы төлей алмай, қарызға батқан. Енді қаржы мекемелеріне жағдайларын айтып, жеңілдік жасалуын талап етіп жүр.

«Ай сайын 100 мың тауып беру деген өте қиын. Біз де тамақ ішуіміз керек, күн көруіміз керек. Ауыратыным бар. Дәрі-дәрмек алу керек. Біз ауырғанымызға қарамай, сол банкінің ақшасын жинап беруге тырысамыз», – дейді борышкер Баян Жолдасбекова.

Борышкерлер тоқтаусыз наразылық арқылы дегендерін орындатып келеді. Бұған дейін, шулап жүріп әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін несие үстемесін 3 пайызға дейін түсірген. Енді, оны да місе тұтпай, үстеменің 1 пайызға төмендетілуін сұрауда. Тіпті қарызды жабу уақыты ұзартылса дейді. Ал мемлекеттен борышкерлерді қайта қаржыландыру үшін бөлінген ақшаны банктер қалталарына басты деп отыр.

«Олар  мемлекеттің ақшасын басқа жаққа жіберіп жатыр. Қайта қаржыландыру жасамай жатыр. Жағдайы нашар адамдарға 1 пайызбен сұрағанбыз. Ол бағдарлама бар. Жоқ емес. Оны басқа банктер жасап жатыр. Бұл жерде 3 банк қана жасамай отыр», «Баспана халықта қалсын» қоғамдық қозғалысының төрайымы Сұлубике Жақсылықова.

Осылай, борышкерлер бірнеше банкті жаяу аралады. Жылдар бойы жыры бітпегендерді әдеттегідей тәртіп сақшылары аңдумен жүр. Қарсылық шарасына алдын-ала рұқсаты болмағандықтан, олар наразы топтың талабы жазылған қағаздарын тез арада жинатып тастады. Ал банктердің бірі өтініш қабылдап, борышкерлердің сұрауын орындаймыз десе, келесі қаржы мекемесі қайта қаржыландыруға мүмкіндігі жоғын ашып айтты.

«Қиындықтарымыз бар. Өйткені, компанияның кредит беруге лицензиясы жоқ болғандықтан, біздің кемшіліктеріміз бар. Сондықтан оның бәрін қарастыру керек», – дейді «Investment Astana group»  компаниясының президенті қызметін атқарушы Ажар Темірбекова.

Борышкерлерді мұндай жауап әрине қанағаттандырған жоқ. Олар тағы да дегенімізге жетпейінше наразылықты тоқтатпаймыз деп тарқасты.

Жіберіп алмаңыз: 

Ақмола облысында сот ерлі-зайыптыларға ажырасқан соң несие қарыздарын өтеуге міндеттеді

30 жастағы азамат несиесіне бола бүйрегін сатпақ

ОҚО-да саманнан салынған үйді кепілдікке қойып «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» несие алуға болады

Қазақстанда студенттер 10 пайызбен білім несиелерін ала алатын болды

Талқылау