Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда лифтке қысылып қалған жігіт көз жұмды

Алматыда адам өліміне лифт себепші болды. Кезекті техникалық тексеру жүргізбек болған механик қапыда жеделсатының төбесінде қыстырылып қалған. Қайғылы жағдайға ескі лифтідегі ақау себеп болды деген болжам бар деп хабарлады КТК телеарнасы.

67543

Сурет prolift.ru сайтынан алынды

Жалпы, оңтүстік астанадағы жеделсатылардың бүгінде жартысының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Яғни кез-келген уақытта сыр беруі мүмкін. Ал 29 жастағы жігіттің өмірінің соңғы сәттерінің куәгері – сол жерде істейтін күзетші ғана. Данияр Сырғабаев сол күні жұмыс істеп жеделсатыны тексеру үшін келіпті. Төбесіне шығып, жұмысын істеп жатқанда, лифт жүріп кеткен.

“Кетті бір, екіден 3-ке дейін бе жұмыс істеді. Үштен кейін әйелдер келді айғайлап, баланы қысып қалды деп. Үстінде механик бар, соған барыңыздар десем, бір уақытта еркектер келді, лом керек деп. Әй, лифті сындырмаңдар, үстінде механик бар, сол ашады, сол біледі деп. Сөйтсе, механиктің өзін қысып қалған дейді, маңдайында фонары бар”, – дейді күзетші Жорабек Өтепбаев.

Марқұм жігіттің денесі қазір туған жері Жамбыл облысына жеткізілген. Өзі қызмет еткен «Алматылифт» компаниясы жерлеу рәсіміне қатысты бар шығынды көтеретіндерін айтты. Ал, оқиғаның себебіне келгенде, түрлі болжам айтылды. Басты себептердің бірі – лифтілердің ескіруі.

“Біздің орнатқан лифттердің жартысының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Біз тек оларды кестеге сай жөндеуден өткізіп, қолдану уақытын ұзартып келеміз. Қайғылы оқиғаға техника ақаулығы да себепкер шығар. Бірақ қаза тапқан жігіттің өзі де қауіпсіздік ережесін сақтамаған болуы мүмкін”, – деп пікір білдірді «Алматылифт» ЖШС бөлім басшысы Бауыржан Әлмұхамбетов.

Ресми деректерге жүгінсек, Алматыдағы 4 жарым мың жеделсатының 800-і әбден тозған. Тек мамандардың жамап-жасқауымен жүр. Ал жас механиктің өліміне нақты не себеп екенін енді арнайы комиссия анықтайтын болады.

Талқылау