Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қытайлық ойыншық бүлдіршіндердің ішегін тесіп жіберген

Қытайлық ойыншық ата-аналардың есін шығарды. «Неокуб» деп аталатын өздігінен жабысатын магнит шарлар бүлдіршіндердің ішегін тесіп, дәрігерлер жаппай ота жасауға мәжбүр боп жатыр, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

kukla

Сурет: materinstvo.ru 

Көлемі тырнақтың ұшындай ғана болатын шарды балдырғандар байқаусызда жұтып жібереді екен. Саусақтың ептілігін арттырады делінген ойыншықтан зардап шегіп жатқандарды біздің тілшілеріміз көріп қайтты.

Екі жастағы Ажар осымен екінші күн ауруханада жатыр. Анасы өзін қоярға жер таба алар емес. Ой-өрісті дамытады деген ойыншығы ішекке түсіп, баланың әбден жанына батқан.

“Қорабының сыртында жазылған «+3» жастан деп. Санасын дамытады, саусақтарының қимылын жақсартады дегесін сендік”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Айжан Ахамбаева.

Тек саусақ сүйектеріне пайдалы дегені бүлдіршіннің ішегін тесе жаздаған. Магниттер баланың ішіне тізбектеліп түсіпті. Темірді тәттімен шатастырып жіберген бүлдіршін қораптағының тең жартысын жұтып жіберген.

Дәрігерлер «Неокуб» деп аталатын ойыншықтан осымен 15-ші бала зардап шегіп отырғанын айтады. Оның жетеуіне күрделі ота жасауға тура келген. Өйткені, магниттен жасалған ойыншықтар өздігімен түспей, бірі ішекке, енді бірі қарынға ілініп, іш құрылысын жабыстырып жіберген.

“Ішекті өкінішке қарай тесіп жібереді. Іш құрылысына ірің мен нәжіс кетіп, үлкен ота жасап жатамыз. Ондай ойыншықты алмаса екен деген бір ұсыныс бар. Өйткені, кішкентайдың аты кішкентай, жылтырап тұрған нәрсені кәмпит  деп жұтып жатады”, – дейді №1 балалар аурухананың бөлім меңгерушісі Дінмұхамед Рузуддинов.

Ал үш жастан асқан балаларға ойнауға рұқсат етілген мұндай ойыншықтар интернетте де, тіпті балалар дүкендерінде де емін-еркін сатылып жатыр. Бала емес, сауда қамын күйттегендер баласына базарлық іздеген ата-анаға оларды барынша жарнамалауда.

Ойыншықты балабақшалар да талап алып жатыр деген саудагер магниттермен ойнап көруге де рұқсат берді.

Сорақысы сол, бала байқаусызда жұтып қойған бұл ойыншық суға түссе болды, қышқыл бөліп, әлсіз баланың одан сайын есін шығарады екен.

“Мен қалған магнитті алып ішімен жүргіздім.  Магниттер жабысты кішкентай, кішкентай шаркитер ішіне жабысты. Содан білдік. Лақтырып жібердік үйдегінің бәрін жинап, ол өте қауіпті”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Айжан Ахамбаева.

Қытай ойыншығы кішкентай Ажардың ішінен әлі алынған жоқ. Егер магниттер осы түні тоқ ішектен түспесе, дәрігерлер ота жасаймыз деп отыр.

Талқылау