Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда құтқарушылар қолдан жасалған өртті сөндіре алмай ұятқа қалды

Алматыда төтенше жағдай өкілдері өткізген жалпықалалық сейсмикалық жаттығу кемшіліксіз болмады. Сейсмикалық жағдайға сақадай сай екендіктерін көрсетуге келген төтеншеліктер қолдан жасалған өртті сөндіре алмай, шлангасы үзіліп, біраз әбігерге түсті. Бұл туралы КТК хабарлайды.

fe5f0f1dafcb82c10522c6831ea

Фото: kapital.kz

Тұрғындар оқыс жағдайларға дайын болу үшін ұйымдастырылған осындай жаттығу Өскемен қаласында да өтті.

Жаттығу дабыл қағудан басталды. Қала бойынша 242 құлақтандыру құрылғысы бір мезетте іске қосылған. Сценарий бойынша, Алматыда жер сілкініп, төтенше жағдай болады. Бір жерде көлік өртеніп, оны сөндіретіндер дереу жетті. Бірақ, ойдағыдай өтіп жатқан жаттығудың сәнін өрт сөндірушілердің өздері кетірді.

Өртке бағытталуы тиіс көбік су өздеріне шашылып, оны жөндемек болғанымен, бұнысынан түк шықпады. Әйтеуір, қолдан жасалған өртті әупірімдеп жүріп өшірді. Дегенмен, төтеншеліктердің мұндай жаттығуына өзгелерді қайдам, өз басшыларының көңілі толады екен.

“Телерадио хабарларды тоқтатып, құлақтандыру жұмыстарын жүргіздік. Жаттығу өзінің діттеген міндетінен шықты. Барлық осы қатысқан жеке құрам өзінің жоғары дайындығын көрсетті”, – деді Алматы қалалық ТЖД қызметкері Бейбіт Еңсебаев.

Халықты құлақтандыру үшін хабарлау құрылғыларынан бөлек, 164 кабельдік және сандық телеарна, 15 радиоарнаның жұмысы тоқтатылып, арнайы хабарландыру жасалған. Ал мына шараға 27 техника мен 80-нен астам құтқарушы тартылды. Үйінді астында қалған адамдарды іздеуде иттердің де көмегі зор. Тіл алғыштығы сондай, айтқанды бұлжытпайды.

Төтенше жағдайға қатысты халықты ақпараттандырудан бөлек, қаладағы құрылыс нысандарының беріктігі де өзекті мәселе. Кей алматылықтар сонау 60-шы жылдары салынған ескі үйлерде әлі тұрып жатыр. Сондықтан ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі де пысықталуы тиіс.

“Қазіргі уақытта Алматы қаласында жер сілкінісіне төзімді құрылыс бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Сол арқылы қаладағы барлық көпқабатты ғимараттарды бекіту туралы тапсырмалар берілді. Қала басшылығы соның ішінде алдымен ескі үйлерден құтылуға тырысып жатыр”, – деді Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Мадьяров.

Дәл осындай жаттығу Өскемен қаласында да өтті. 5 балдық жер асты дүмпуі салдарынан 12 қабатты тұрғынүйде жеделсаты тоқтап, ішінде адам қалып қойған. Қирандының астында қалғандары да бар. Оларға құтқарушылар лезде жетіп, тиісті көмек көрсетті. Бірақ Алматыдағыдай жағдай қайталанған жоқ.

Оқи отырыңыз:

Қазақстанда жасөспірім баласы әлеуметтік желіге тіркелген ата-ана айыппұл төлейді

БАҚ-қа шолу. Әлішер Кәрімов өзінің “көгілдір” екені туралы сыбыстардың қайдан шыққанын түсіндірді

Ары мазалаған қазақстандық азамат Аружан Саинға ерекше өтінішпен келді

Назарбаев: Жақсы өмір сүру үшін университетте оқу міндетті емес

Талқылау