Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда құлағалы тұрған үйде 8 отбасы тұрып жатыр

Салынғанына жарты ғасырдан асқан үйдің қазіргі күйі адам шошырлық. Осыдан 6 жыл бұрын ескі үй бағдарламасына қосылғанымен, тұрғындар жаңа пәтерін әлі күнге сарыла күтіп жүр. Шенеуніктердің де жаңа баспана береміз деген уәдесі жыл сайын қайталанумен келеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

кирагалы турган уй

Райымбек даңғылының бойындағы қосқабатты үйдің сиқы адам шошырлық. Қол тиген жердің бәрі қирауға шақ тұр. Көшіп кетейін десе барар жері жоқ. Тұра берейін десе, қирандының астында қаламыз ба деген тұрғындар қайтерін білмей амалы құрып отыр.

«Үйде тұру мүмкін емес. 4 балам бар, солар үшін қорқамын. Тіпті қонақ шақыруға ұяласың. Төбесі құлап қирап жатыр», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Тұрсынай Оразова.

Қосқабатты үй сонау 60-шы жылдардың басында салынған. Кеңес Одағы кезінде бір-екі рет жөнделгені болмаса, содан бері әспеттеп, аялаған ешкім болмапты. Көзге көрінбегенімен, ылғалдың кесірінен үй қисайған. Сырты көңіл құлазытар үйдің кіреберісінен-ақ қолаңса иіс қолқаны қабады.

Дәліздегі мына баспалдақпен жоғары көтеріліп-түсу қорқынышты. Атам заманғы салынған баспалдақтың ағашы түгел қурап кеткен. Сәт сайын қирап қала беретін шіріндіні тұрғындар да жөндей-жөндей әбден жалыққан.

Тас төбеден де сылағы опырылып түсіп, орны үңірейіп қалған. Ал мына целлофан қалта бүкіл екінші қабаттың тоқ сымын жаңбыр суынан қорғап тұр. Осындай үйді жергілікті басшылық  апатты жағдайда емес дейді. Тек ескі ғимарат ретінде сүріледі екен.

«Осы үйді сүруге арналған жобалар бар. Боткина-1 мен Боткина-17 аралығында екіқабатты тұрғынүйлер сүріледі. Бұл үйлердің орнына 9 қабатты жаңадан өте ыңғайлы тұрғынүй кешені  соғылатын болады», – дейді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Баймұхамбетов.

Жетісу ауданында дәл осындай 114 үй бар. Ал қалалық бағдарлама бойынша жаңа көпқабатты үйдің құрылысы биыл екінші жартыжылдықта басталмақ. Ол жыл аяғына дейін бітіп, мына тұрғындардың бәрі сонда көшуі тиіс. Тек дәл осындай сөз былтыр да айтылған екен.

Жіберіп алмаңыз:

Алматы облысында екі бірдей ауылды су басып қалды

ЭКСПО қарсаңында шенеуніктер лас жерлер мен ескі үйлерді плакаттармен жауып тастаған

Шығысқазақстандық жігіт ЭКСПО-ға қатысу үшін Астанаға жаяу аттанды

32 жастағы келіншек күйеуі мен оның досын төсек үстінде ұстап алды

Талқылау