Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көп қабатты үйдің өртенуіне қатысты алғашқы болжам айтылды

Бүгін Алматыда көп пәтерлі үй өртеніп кете жаздады. Бірнеше сағат ішінде қызыл жалын тұрғын үйдің шатыры мен жоғарғы қабатын жалмап үлгерген. Өрт аумағы шамамен 400 шаршы метр аумақты қамтыды. Абырой болғанда, тілсіз жау салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Алматыда көп қабатты үйдің шатыры мен жоғары қабаты өртеніп кетті

«Айқай-шу басталып кетті. Лезде өрт сөндіретін көліктер жолдарды жауып, жұмысқа да шыға алмай қалдық. Қою түтін будақтап жатты. Тіпті, үлкен кісінің шатырда отырғанын көрдік. Үстінде киім жоқ десе де болады. Бәріміздің үрейіміз ұшып кетті», – дейді куәгер Болат Көбеков.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер ер адамды құтқарып үлгерді. Тағы 20 тұрғын шұғыл түрде эвакуацияланды.

Алдын ала болжам бойынша, өрт пәтерлердің бірінің мансардысынан шыққан. Артынша қызыл жалын үйдің шатырына тараған. Абырой болғанда, үйдің төменгі қабаттарына тілсіз жау жетіп үлгермепті.

Мамандардың пікірінше, өртке электр сымдарының тұйықталуы себеп болуы мүмкін.

Пәтері өртенген тұрғындарды жақын жердегі мектепке орналастыру жоспарланған. Алайда олар бас тартып, туыстары мен таныстарының үйіне тарасты.

«Оқиға орнына қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлері де жеткен болатын. Тұрғын үйге қарама-қарсы мектеп аймағында эвакуациялық бекет жасақтадық. Көмекке мұқтаж  тұрғындарға уақытша паналайтын мекен береміз. Ыстық ас-сумен қамтамасыз етіп жатырмыз», – дейді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.

Аудан әкімінің мәліметінше, қазіргі уақытта ТЖД қызметкерлері тұрғын үйді тексеріп жатыр. Мұнан кейін сараптама жүргізіліп, өрттің себебі анықталады. Артынша тұрғын үйді қалпына келтіру бойына шаралар қабылданатын болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау