Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көктайғақ: 100-ге тарта көлік соғылды

Алматыда көктайғақ салдарынан бір тәулік ішінде 100-ге тарта жол апаты орын алды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

451 (1)

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Айта кету керек, оңтүстік астанада кешеден бері жауған қар әлі толастамады.
«Бүгін күндізгі 12:00-ге дейін 96 жол апаты орын алған. Көбіне көктайғақ пен қалың қардың кесірінен болған. Абырой болғанда адам өлімі жоқ. 16 адам жеңіл жарақат алған. Ауа райы ашық болса да тәулігіне 100-ге жуық жол апаты болады», – деді ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Кешелі бері толассыз жауған қардың қалыңдығы қазір 20 сантиметрге жетті.

«Алматыда 9 ақпан күні таңертеңгі сағат 08:30-да қар жауа бастады. Ал, 10 ақпан күні таңертеңгі сағат 07:00-ге қарай, тау етегінде қардың қалыңдығы 25 сантиметр, ал қалада 15 сантиметрге жетті. Коммуналдық қызметтер тарапынан екі рет жол тазалау және құм аралас хлор қоспасын себу жұмыстары жүргізілді», – деді қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасынан.

Әл-Фараби даңғылы, Достық даңғылы, Саин көшесі, Фурманов көшесі, Абай даңғылы, Абылай хан даңғылы, Желтоқсан даңғылы, және Наурызбай көшесі бойынша көктайғаққа қарсы ылғалдандырғышы бар реагенттер себудің жаңа технологиясы қолданылды.

Барлығы 7056 тонна құм аралас хлор қоспасы мен 244 тонна техникалық тұз пайдаланылды.

Бүгін таңертең сағат 09:00-ден бастап, қала сыртына жаппай түрде қар шығару жұмысы ұйымдастырылады.

Қар тазалау жұмыстарына 668 арнайы техника жұмылдырылды. Олардың ішінде құм сепкіш техниканың саны – 112, ал тротуар тазалушы техниканың саны – 75. Сондай-ақ, қар тазалау жұмыстарына 910 жұмысшы қатысты.

«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша қар бүгін күні бойы жауады.

Талқылау