Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда кез-келген үйді тонауға көмектесетін заңды агенттіктер бар

Бұрын-соңды тек ұры-қары, алаяқтардың басты “қызметі” саналатын құлып бұзу қызметі – бүгінде бизнестің бір бағыты. Көпшілік арасында мұны біреу білсе, біреу біле бермейді.

үй

Ол түсінікті де. Себебі бөтен есіктің құлпын бұзу шеберлігі əдетте криминалды өткені бар адамдарға тəн деген пікір қалыптасқан. Өркен жайып келетін бұл кəсіп иелерінің хабарландырулары ғаламторда өріп жүр. Олар “кез-келген қиындықтағы құлыпты оңай бұзуға” уəде береді. Сондай хабарландырулар ұрлық жиі орын алатын көп қабатты үйлердің əр подъезінде ілулі тұр.

Stan.kz тілшісі осындай хабарландырудың бірінде көрсетілген нөмір бойынша хабарласып көрді. Тұтқаны көтерген əкімші қыз қызмет құны 6000 теңгеден 10000 теңге аралығында екенін  жеткізді. Мекенжайды, байланыс нөмірін жазып алып, ұстаның өзі байланысқа шығатынын айтты. Айтулы ұста хабарласып, мəн-жайды сұрастырды.

Пəтердің есігін ашу керектігін, өзінің пəтер иесі еместігін айтқан тілшіден ұста “ең болмаса, келісім-шарт болу керек” деді. “Онда тəуір екен” деген пікір қалыптасып үлгерді.

Алайда, соңынан “келісім-шарт та жоқ, басқа жолы жоқ па?”,-дегенге “келуіме төлесеңіз болды, келген соң қалғанын келісеміз”, – деп жауап қайырды.

Оның жай жол ақысы 3000 теңге. Егжей-тегжейлі телефонда айтқысы келмегенін меңзеді. Сонда бұл бүгінгі күні қылмысты заңды түрде тапсырыспен орындауға болатынын білдірмей ме?!

Телефонмен əр тапсырысты тіркеп отыратын делдалдар жұмысты ауызша бақылағанмен, іс жүзінде нендей “операция” орын алып жатқанынан бейхабар.

Бүгінде осындай бизнеспен нан тауып жүрген, əр кеңседе тіркелген “ұсталардың” жұмысын кім қалай бақылайтыны белгісіз. Əсіресе, үлкен қалаларда орын алатын ұрлық-қарлықтың беті ашылмағаны қаншама?!

 

Талқылау