Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қаза тапқан полицей салық мекемесіне келушілерді террорлық шабуылдан аман алып қалды

Полиция қызметкері Галиевтің арқасында Алматыда салық мекемесіне жұмыс бабымен келген тұрғындар террорист оғынан аман қалды.

мы

Алматыдағы теракт кезінде қаза тапқан полицей Аян Галиев мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратын күзету кезінде террористке қарулы қарсылық көрсетіп, мекеме ішіндегі адамдардың өмірін аман сақтап қалған. Бұл туралы ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің парақшасында жарияланды.

Дүйсенбі, 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Нәтижесінде 5 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді. Ал ұсталған күдікті бұрын сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен.

“Мемлекеттік кірістер департаменті Аян Ерболғанұлы Галиевтің отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтады. Оның ержүрек ерлігінің арқасында мекеме ішінде болған қаншама салық төлеушілер мен қызметкерлер террорлық шабуылдан аман қалды”, – делінген мекеме хабарламасында. Галиев күдіктіні ұстап, оны жарақаттағанымен, өзі де ауыр жараланып қаза тапқан.

“Аян Галиев ішкі істер органында 1997 жылдан бері қызмет атқарды. Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаментінің күзет қызметінде 10 жыл жұмыс істеді. Оның әйелі мен екі қызы қалды. ҚР мемлекетік кірістер департаментінің бірнеше мыңдаған қызметкері Аян Галиевті және оның қызметтік міндетін атқару барысында жасаған ерлігін ұмытпайды”, – деп атап өтті мекеме.

Бұған дейін Аян Галиев туралы оның көршісі де әлеуметтік желіде пікір білдірген болатын.

Талқылау