Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда кәсіпкерлер теңге бермесең тендер бермейтін теміржол басшыларының былығын әшкереледі

Пойыздардағы төсек жаймаларын жууға қатысты дау тағы ушығып жатыр. Осы іспен айналысатын компаниялар «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының басшыларын айыптауда. Айтуларынша, мемлекеттік компания басшылары тендерден түскен ақшаның 15 пайызын ауызбастырыққа бермесең, ешқандай келісім жасаспаймыз деп ашық талап қойыпты. Ал, теміржолшылар әрине мұны мойындаған жоқ. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

8024b0e2daf0ce39ea67c72c3ff40d25

Сурет ortcom.kz

Пойыздағы төсек жабындыларын жуумен айналысатын шағын серіктестіктер бұл жолы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамын ашық айыптады. Жылына 100 миллион теңгеден астам ақшаға келісім жасалатын болса, енді ұлттық компания басшылары кәсіпкерлерден таза ауызбастырық талап етуге көшкен дейді олар.

“Айқынбаев мырзамен кездескенде бүкіл тендер ақшасының 15 пайызын қалтасына салып беруімді талап етті. Мен одан үзілді-кесілді бас тарттым. Содан әуре-сарсаң басталды. Тендерге қатысу туралы өтінішімді негізсіз қайтарып тастады. Тек мен емес, барлығымыздың өтінішіміз қабылданбады”, – дейді «Imperialservice» ЖШС директоры Индира Жолшы.

Айғай-шуға қарамастан «Ардагер» серіктестігі жаймаларды қарапайым тәсілмен жууын әлі жалғастыруда. Бірақ күн сайын 7 тонна деп бекітілген жоспарды орындауға шамасы жетпейді екен. Оны жұмыссыз қалған кір жуушылар айтып отыр.

Ал кәсіпкерлердің тендерден теңге сұрағыш деп айқаймен атап отырғандары «Жолаушылар тасымалы» компаниясы басшыларының бірі Данияр Айқынбав. Бірақ мемлекеттік компания өкілі мұның бірін мойындаған жоқ.

“Тендерде бір ғана компанияның мүддесін көздеу мүмкін емес. Мына қалың қағазда барлық жұмыс тәртібі жазылған. Мұнда бармақ басты, көзқысты әрекет жасауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Прокуратура қайта-қайта тексеріп жатыр, кінәміз болса, баяғыдан бері таппай ма?!”, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» аймақтық филиалының директоры Асқар Шүкірбеков.

Осы қарсы тараптың сөз алуы мұң екен, жиынға қатысушылар қызды-қыздымен ақыр аяғында бір-бірінің сөзін тыңдаудан қалды.

Осы даудың салдарынан бүгінде төсек жабындыларын жуумен айналысатын бірнеше компания амалсыз жұмысын тоқтатқан. Олардың әрқайсысынан 60-қа тарта жұмысшы қазір үйінде қол қусырып отыр. Дегенмен, кәсіпкерлер заң орындарына шағымданып, бұл істегі былықты әшкерелеуге бекінген. Ол үшін тіпті жемқорлыққа қарсы республикалық қозғалыс құруды жоспарлап отыр.

Талқылау