Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қаржы пирамидасын құрып, жұртты алдаған компания алаяқтық жасағанын мойындады

Қаржы пирамидасын құрып, қараша халықтың қалтасын қаққан «Финстатус» компаниясының директоры алаяқтық жасағанын ақыры мойындады. Салымшылардың сеніміне кіріп соңғы тиынына дейін сыпырып алғанын Александр Черненко ашық айтып отыр, – деп хабарлайды ктк арнасы.

1438262710sv5d3

«Құрметті салымшылар сіздерден кешірім сұрай отырып келесі жағдайды баяндаймын. «Финстатус» компаниясы қаржы пирамида үшін құрылған. Сіздер салған қаражат талан-таражға түсіп, қолды болды. Яғни салымдар ешқандай да жобаға жұмсалған жоқ. Сондықтан банктен алған несиелеріңізді өздеріңіз өтей беріңіздер», – дейді «Финстатус» ЖШС директоры Александр Черненко.

Алайда Александр Черненко компанияның алаяқтық жолмен ақша табатынын бұған дейін білген жоқпын деп ақталды. Сондықтан салымшылардың қаражаты қайда жұмсалғанынан да хабарсыз. Бірақ қыруар ақшаны қалтаға басқан төрт сыбайласының аты-жөндерін әзірге атаудан бас тартып отыр. Бар болғаны жарты жыл басшы боламын деп бармағын тістеген ол қазір үйқамақта. «Финстатус» компаниясының барлық есеп-шоттары бұғатталған. Ал алаяқтардың арбауына түскен 2 мыңға тарта тұрғынның қарызы күн санап өсіп барады. Себебі олар келісім бойынша банктен алған несиелерінің 40 пайызын қаржы пирамидасына құйған екен. Өз кезегінде «Финстатус» борышты фирма есебінен жауып береміз деп уәде беріпті. Алайда ақпан айынан бері бірде біреуінің қарызы жабылмай, банк алдындағы қарызы қордаланып кеткен. Сондықтан бұл іспен енді құзырлы орындар айналысып жатыр. Қалай болғанда да, жұртқа алған қарызды өздері өтеуден басқа амал жоқ.

Талқылау