Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қабырғасы қисайған үйден көшірілген жұрт полициямен төбелесе жаздады

Алматыда Бесоба оқиғасы қайталануы мүмкін. Алғабас-6 ықшамауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тоғыз қабатты су жаңа үй құлаудың алдында тұр. Яғни ғимараттың қабырғасы жарты метрге жуық қисайып кеткен. Сондықтан үйдегі 200-ге тарта тұрғынды сыртқа шығаруға тура келді. Олар қонақүйлерге қоныстануда. Бұл жағдайдан қазір бүкіл ықшамаудан тұрғындары шошып отыр,-деп жазды КТК арнасы.

дайын-үй

Сегіз ай бұрын баспаналы болып, бөркін аспанға атқан тұрғындарда түннен бері ұйқы жоқ. Олар өз үйлерінің қисайып тұрғанын бес күн бұрын байқаған екен. Бірақ одан бері жұрттың жанайқайына ешкім құлақ аспаған. Жергілікті билік нысанның апатты жағдайда екеніне осы түнде ғана көз жеткізген сыңайлы. Қала әкімінің орынбасары бастаған атқамінерлер 136-шы үйдегі 200-ге тарта тұрғынды көшіру туралы шұғыл шешім қабылдады.
-Жаннан артық адамға ештеңе керек емес. Дүние кімнен қалмаған. Қонаүйге жатасыздар. Тамақтарыңыз, ақшаларыңыз беріледі.

Онсыз да жанын шүберекке түйген жұрт осыдан кейін тіптен дүрлігіп кетті. Көрпе-жастығы мен дүние-мүлкін арқалағандар түнделетіп көше бастады. Ал тәртіп сақшылары апатты үйді қоршауға алып, әр пәтердің есігіне мөр басқан. Сондықтан қалған заттарын алуға келген тұрғындар пәтерлеріне кіре алмай полицейлермен керісіп қалды. Аяқ астынан көшірілген халық әкімдік ұсынған қонақүйде түнеп шығу мүмкін емес деп отыр. Сондықтан ол жерге енді қайта баруға үзілді-кесілді қарсы.

«Түнімен ұйықтағанымыз жоқ. Кілең алқаштар. Матрастары кір, сасық. Басқа пәтер берсін бізге»,-дейді тұрғын Гүлнұр Қасиева

«Қазан айында ғана алғанбыз. 13-14 жыл кезекте тұрып. 12-13 адам болып кішкентай жатақханада жатып шықтық. Енді ішіндегі дүниемізді қайда апарамыз?»,-деді тұрғын Роза Балқиева

Қазір апатты үйді тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Ондағылар тоғыз қабатты нысанды бастан аяқ зерттемекші. Негізі, қабырғасы қисайған үйдің жертөлесін бұған дейін жауын суы басып қалған екен. Соның салдарынан іргетасы отырды деген болжам бар.

«Негізгі приборлардың есептеуі бойынша тоғыз қабаттың биіктігіндегі деңгейде 32 сантиметрге қисайған. Бір күндік есеп бойынша ол тұрақты түрде тұр. Яғни ғимарат әрі қарай қимылдап бара жатқан жоқ қазіргі күні»,- дейді Алматы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғәріп Құрманғалиев

Қисайған үйді «Астана құрылыс» компаниясы салған екен. Сондықтан ғимарат апатты деп танылса бар шығын солардың мойнына ілінбек. Алайда компания басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына шаң жуытар емес.

«Үйді сапасыз салды дегенге қосылмаймын. Мойындамаймын. Бұны комиссия анықтасын. Бүгін шешімі шығуы тиіс»,-дейді «Астана құрылыс» компаниясының президенті Бекболат Амантұрлин.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бұл үйдің құрылысы 2014 жылы аяқталған. Сөйтіп, былтыр күзде пайдалануға беріліпті.

Қазір құлаудың аз алдында тұрған апатты жағдайдағы тұрғын үйді тексеру үшін құрылған арнайы комиссия Алғабас-6 ықшамауданындағы «Астана құрылыс» компаниясы салған тоғыз қабатты 29 үйдің барлығын тексеріп шықпақшы. Себебі мұндағы тұрғындардан түннен бері маза қашқан.

Яғни дүрліккен жұрт жүктерін жинап, кешелі-бері өз пәтерлерінен көшіп жатыр. Осы қауіпті сейілту үшін мамандар мұндағы барлық құрылыс нысандарын екі күннің ішінде тексеріп шығуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін осы үйдің тұрғындары өткен түні қауіпсіз аймаққа көшірілгені жайлы жазған едік.

Талқылау