Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда фельдшерді таспен ұрып, өлімші етіп сабаған азаматқа қатысты сот басталды

Алматыда үйіне шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерін ауыр жаралаған азаматқа қатысты сот басталды. Дәрігерді таспен ұрып сұлатқан Рифхат Базыбеков кінәсін ішінара ғана мойындап отыр. Ол мұндай әрекетке өзімді қорғау үшін бардым дейді. Ал зардап шегуші Наркескен Сейсенбаев қарсы тараптан ешқандай өтемақы алмайтынын айтты. Бүгін сотта айыпталушы мен жәбірленушілерден жауап алынды, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.

image

Сот залына жиналған қос тарап та бүгін 4 ай бұрын болған оқиғаны еске алып, бүге-шүгесіне дейін айтты. Жәбірленушілер қатарында – санитар дәрігер Асылбек Нұрбаев пен оңбай таяқ жеген Наркескен Сейсенбаев. Бұл екеуі науқас әйелін қызғанып, шатақ шығарған азаматты барынша сабырға шақырған екен. Бірақ ішімдікке сылқия тойып алған жігіт жағадан алыпты.

– Сол кезде Наркескенге жаман  боқтық сөздер айтады. Боқмұрын шық жекпе-жекке деп жағасынан алған, – дейді жәбірленуші Асылбек Нұрбаев.

26 жастағы дәрігердің ауыр соққыдан миына қан құйылып, біраз уақыт комада жатқан болатын. Ал Рифхат Базыбеков бұл әрекетке мәжбүрлі түрде барғанын айтады. Ақ халаттылар мәселені түсіндірместен, оны әйелі қаралып жатқан жедел жәрдем көлігіне кіргізбей қойыпты. Тіпті үш дәрігер жабылып ұрмақ болды дейді айыпталушы.

– Оларға ешқандай дөрекі сөз айтқан жоқпын. Өздері жедел жәрдем көлігінен мені итеріп, шығарып жіберді. Кейін бөлек шақырып, сөйлесуге тырыстым. Олар маған жақындамауы үшін жерден тас алып, лақтырдым. Қай бағытқа лақтырғанымды өзім де білмеймін. Көзімді ашқанда ғана Наркескенге тигенін көрдім, – дейді Рифхат Базыбеков,

Мұндай әрекетке аңдаусызда бардым деп ақталған Базыбеков жәбірленуші тарапқа өтемақы төлеуге дайын екен. Ауыр соққы алған азаматтар көк тиын да қажет емес деп кесіп айтты. Науқасқа барып өзі жарымжан болған Наркескенге тіпті 4 рет ота жасалған. Сондықтан, қазір есте сақтау қабілеті нашарлаған. Әлі талай операция жасатуы қажет.

– Ондай адам енді бостандықта жүрмеуі керек, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек қой. Қандай жағдай болса да, менің денсаулығымды қалпына келтіріп берсін. Болды. Одан басқа сұрарым жоқ, – деді жәбірленуші Наркескен Сейсенбаев,

Сот залында 4 ай бұрын болған оқиғаның түрлі нұсқасы айтылды. Ал, жедел-жәрдем көліктерін тізгіндеген қос жүргізушінің жанжал шыққанда болған-болмағаны белгісіз. Енді, олардан келесі отырыста жауап алынбақ.

Талқылау