Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда екі жүргіншінің өліміне себепкер болған BMW жүргізушісі екі айға қамалды

Алматыда жол-көлік апатын жасап, екі жүргіншінің өліміне себепкер болған BMW жеңіл автокөлігінің жүргізушісіне бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

photo_182543

Сурет “Территория происшествий” бағдарламасы

Алматы қаласының №2 Жетісу аудандық сотының қаулысына сәйкес, BMW жүргізушісі, қалалық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Санат Жанатбеков күдікті ретінде екі айға қамалды.

Естеріңізге сала кетсек, жан түршігерлік жол-көлік апаты 14 сәуір күні күндізгі уақытта Алматы қаласының Жетісу ауданында болған еді. Жангелдин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқан BMW маркалы автокөлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан «Дэу Матиз» автокөлігінен озбақшы болады. Сөйтіп, қарсы жолаққа шығып кетіп газды басады. Ал бұл сәтте жол қиылысына жақындап қалған «Дэу Матиз» автокөлігі Сидоркин көшесіне бұрылмақшы болып, сол жаққа бұрыла бастайды. Осы сәтте арт жақтан қарсы жолақпен үлкен жылдамдықпен келе жатқан BMW автокөлігі «Дэу Матиз» автокөлігінің сол жақ қапталына келіп соғылады.

Күшті соққының салдарынан солға қарай серпілген BMW автокөлігі тротуар арқылы жол қиылысынан өтіп бара жатқан үш жүргіншіні қағып өтеді. Бұдан әрі жол жиегінде тұрған «Фольксваген» және «Тойота Лэнд Крузер» маркалы екі автокөлікті барып соғады.

Жол-көлік апаты салдарынан екі жүргінші оқиға орнында жан тәсілім етті, ал үшінші жүргінші өте ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Қазір, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-ші тармағында қарастырылған қылмыстар нышаны бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы тергеу амалдары барысында тиісті сараптамалар жасалып, куәгерлер сұралады, жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталады.

Талқылау