Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бір топ оралман Өзбекстан азаматтығынан шыға алмай жылап жүр

Алматыда жүздеген оралман Өзбекстан елшілігінен сол елдің азаматтығынан бас тартатыны туралы анықтаманы ала алмай жүр. Бір тілім қағазға қолы жетпегендер он күннен бері елшіліктің есігін аңдумен келеді. Анықтаманы бір ай ішінде тиісті орындарға тапсырмаса, 450 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс екен. Ал Өзбекстанға қайтып кетейін десе, ол жақта заңмен жауапқа тартылуы мүмкін,-деп жазды КТК арнасы.

оралман-қазақ
Өзбекстан елшілігінің есігінің алды қарақұрым адам. Таңның атысынан жиналған жұрт кешке дейін кетер емес. Қазақстан азаматтығын алу үшін оларға Өзбекстан азаматтығынан бас тартқаны туралы жазылған бір тілім қағаз қажет.

«Өзім Қазақстанның азаматымын. Әбден шаршатты»,-дейді Рахым Ыстыбаев.

Ертең-ертеңмен күнде келіп шаршаған жұрттың төзімі де таусылған.
Бір парақ құжатты алу үшін елшіліктегілер электронды кезекке тұру қажеттігін айтыпты. Бірақ онысы істемейді екен. Ал бір ай ішінде әлгі қағазды тиісті мекемелерге табыстамаса, заң аясында шара қолданылайын деп тұр.

«Бізге сондай міндеттемеге қол қойдырған. Егер соны орындамасақ, бізге іс қозғап айыппұл салмақ»,-дейді Орынбаев Нұржан.

Жиналғандардың айтуынша, электрондық кезек дегеннің жұмыс істемей тұрғанын интернеттен көруге болады екен. Барлық жерде «жұмыс күні емес» деген жазудан баса дәнеңе жоқ.

Он күн бойы Өзбекстан елшілігін жағалаған жүздеген азамат бір жапырақ қағазды бүгін де ала алмайтын түрі бар. Ал елшілік тарапынан бұл дауға қатысты түсінік беретін ешкім шыққан жоқ. Енді бір ай көлемінде анықтама қағаз қолдарына тимесе, бұл азаматтардың әрқайсысына 450 мың теңге көлемінде айыппұл салынбақ.

Талқылау