Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда балалар үйіндегі алапат өртке қатысты алғашқы болжам айтылды

Алматыдағы балалар үйі қызыл жалынның құрсауында қалды. Тілсіз жау түнде ғимараттағы ойын бөлмесінен тұтанған. Бұл туралы КТК хабарлайды.

5454

Фото: today.kz

Оған, қосулы қалған теледидар немесе үтік себеп болған деген болжам бар. Лезде таралған өрт салдарынан нысандағы 170-тен аса адам қауіпсіз жерге шығарылған. Дегенмен, зардап шеккен 5 адам бар. Олардың төртеуі 12 жастағы жеткіншек. Қазір олар ауруханада жатыр. Ал, қалған тәрбиеленушілер балалар үйінің өзге ғимаратына көшірілген.

Шырт ұйқыда жатқан балалар өрт дабылынан шошып оянған. Сөйтсе, екінші қабаттағы ойын бөлмесінен от шығыпты. Өрт сөндірушілер келгенше жалын жоғарыға таралып, нысанның шатырына дейін жеткен.

“Балалар ойын бөлмесі кәдімгі, ол жерде телевизор, диван, шкаф тұрған”, – дейді №1 балалар үйінің директоры Гүлмира Құндыбаева.

Құтқарушылар келгенше осындағы 161 бала мен 12 қызметкер терезе арқылы далаға шыққан. Ал мамандар өртті бір сағатқа жуық уақыттың ішінде ауыздықтады. Әп-сәтте 180 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпып үлгеріпті. Төтенше жағдайдан 4 тәрбиеленуші мен қызметкерлердің бірі зардап шеккен. Қазір түрлі жарақат алған жеткіншектер ауруханада ем қабылдауда.

“Бір науқастың кеуде омыртқасы сынған. 3 науқастың іш құрылысының жабық жарақаты бар”, – деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Нұржан Исабеков.

Негізі, бұл мекемеде ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары тұрады. Қызыл жалынды өз көздерімен көрген тәрбиеленушілер түндегі жағдайдан әбден шошып қалған. Енді олармен психологтар жұмыс істемек. Қазір балалар ғимараттың өзге бөлігіне жайғасты. Ал өртеніп кеткен жерінде құтқарушылар жұмыс істеуде. Олар бөлмелерді қирандыдан тазартып жатыр.

Әзірге өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Дегенмен, төтенше жағдай қызметкерлері оған тоқтан ажыратылмай қалған тұрмыстық техникалар себеп болуы мүмкін деп отыр.

“Өрт орнында разеткаға қосылып қалған теледидар және де үтіктің өлшемдері табылған. Бірақ, материалдардың бәрі жинақталып, Ішкі Істер департаментіне жөнелтіледі”, – деді Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.

Бағанашылдағы Алматы облыстық №1 балалар үйі бұған дейін де өрт сөндірушілердің назарына іліккен. Яғни мекемеден маусымдағы жоспарлы тексеріс кезінде 9 бірдей заң бұзушылық анықталыпты. Бірақ ескертуден кейін оның бәрі ретке келтірілген көрінеді. Ал түндегі оқыс оқиғаның нақты себебі сараптамадан кейін мәлім болады.

Оқи отырыңыз:

Ақтөбеде ер адам автобус жолаушыларының көзінше мерт болды

Алматылық азамат әпкесінің 90 миллион теңгесін ұрлап алған

Алматыда жігіттер ақша табу үшін бір-бірін көлікке қарай итерген (видео)

Полицейлердің өзін ұрған бұзақылар жұртты шошытты (видео)

Талқылау