Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Аяз ата мен Ақшақарға ақша жинаған мектептен шу шықты

Ата-аналарды ұрыстырған Аяз ата мен Ақшақар! Алматының іргесінде орналасқан Байсерке ауылындағы мектепте жаңа жылды мерекелеуге қатысты жанжал шықты. Ашынған жұрт білім ошағының ұжымы осы уақытқа дейін үнемі білім беру саласына қатысы жоқ ұсақ-түйекке де ақша жиналатынын ашық айтты.

мектеп

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Бор мен шүберекті де сатып алу ата-аналардың мойнына ілінгені аздай, енді музыкалық аппаратура мен жаңа костюмдер талап етілген.

Ата-аналар жікке бөлініп, осылай жиналыс соңы жанжалға ұласты. Өйткені жұрт бітпейтін ақша жинаудан жалыққан. Мәселен, Аяз ата мен Ақшақарды киіндіру және жаңа музыкалық аппаратура алу үшін 80 мың теңге қажет екен.

«Жылда Аяз атаға, Ақшақарға киім аламыз. Неге біз оны алуымыз керек? аппаратура 80 мың теңге дейді, ол қайдан шығып жатқан ақша?!Мен 40-қа келдім, бірақ Аяз ата мен Ақша қардың жыл сайын әдемі киінгенін көрген жоқпын»,- дейді байсерке ауылының тұрғыны Эльмира Омарбекова.

Ешкім оқымайтын газеттерге мәжбүрлеп жазылу да ата-аналардың әбден мезі еткен. Әр оқу жылында аудандық газеттерге жазылу үшін 3 жарым мың теңге керек. Ал жөндеу жұмыстарына қосымша мың жарым, ал бор мен шүберекті сатып алуға әр оқушыдан ай сайын 100 теңгеден жиналады екен.

«Екінші кластың шкафына дейін, гардероб, жалюзға деп ақша жинайды мысалы. Гардероб тұрғанда біз не үшін класқа шкаф алуымыз керек?»,-деді Байсерке ауылының тұрғыны Жанар Несіпбекова.

Шыдамы шегіне жеткен ата-аналар мектеп басшылығын жерден алып, жерге салуға дайын еді. Бірақ директор отбасылық жағдайына байланысты орнынан табылмай, орынбасары өзіне шаң жуытқан жоқ.

«Біздің мектепте аппаратура жоқ. Жылда жалдамалы болады бізде. Жылда жалдаймыз.
Биыл енді ата-аналарды соған ақылдасуға шақырған болатынбыз. Ата-ананың келісімімен болады, онсыз ештеңе шешілмейді»,- №12 мектеп директорының орынбасары Сандуғаш Пернебекова

Мұғалімдерді жұрттың алдында жеккөрінішті қылып, газеттеріне дейін жаздыруға мәжбүрлейтін аудандық білім бөлімінде де тұщымды жауап беретін жан табылмады. Ал жікке бөлінген ата-ана ақыры ортақ мәмлеге келе алмай тарқасты. Енді барлығында тек бір тілек – жиналыста айтылған ақиқат балалардың үлгеріміне кедергі келтірмесе болғаны.

Талқылау