Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда атышулы Алғабастың тұрғындары қисайған үйлеріне қайта оралуы мүмкін

Алматыдағы атышулы Алғабас ықшамауданының тұрғындары қисайған үйге қайта қоныстануы мүмкін. Өйткені, сол 72 отбасыға арнап салынған су жаңа баспананы атқамінерлер үлестіргісі келмей қалыпты,-деп жазды КТК арнасы.

үй

Сондықтан тұрғындарды апатты үйге көшіңдер деп күштеп жатқан көрінеді. Ал бұл ұсыныстан бас тартқандарға жаңа баспананы коммерциялық бағамен сатып аласыңдар деп шошытқан. Мұнымен келіспеген ашулы тұрғындар бүгін «Астана құрылыс» компаниясының бас кеңсесінде айқай шығарды.

«Астана құрылыс» компаниясының кеңсесіне баса-көктеп кірген бұл тұрғындардың баспанасыз босып жүргендеріне тоғыз айдан асты. Былтыр жазда мемлекеттік бағдарламамен алған үйлері қисайып, 72 отбасы түгелдей апатты нысаннан көшірілген еді.

Сол кезде сапасыз үй салған компания мен қалалық әкімдік 6 ай ішінде жаңа баспанамен жарылқаймыз деп уәде берген. Алайда тоғыз айдан кейін атқамінерлер айнып, тұрғындарды апатты үйге қайта кіріңдер деп күштеп жатқан көрінеді.

«Қайта кіріңдер дейді. Жүрегіміз шайлығып қалды, қайтіп кіреміз?»,-дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұршәйім Телқозова.

Ең қызығы қисайған үйдің тұрғындарына арналып дәл осы Алғабастан басқа баспана салынған болатын. Оны «Астана құрылыс» толықтай өз қаражатына тұрғызған екен. Енді 9 қабатты нысанды мердігер нарық бағасымен сатпақшы дейді тұрғындар.

«Нарықтың бағасымен беріледі  деді. Үстемемен деген сөз. Мен 15 мың төлеп отырмын 3 бөлмеліге. Коммерциялық  баға 70-80 мың болып шығады. Оған менің қалтам көтермейді»,-дейді Алматы қаласының тұрғыны Бақыт Әбілғазықызы

«Астана құрылыстың» басшылары да қисайған үйдің қайта қалпына келгенін айтады. Тіпті тиісті мекемелер 9 қабатты нысан қауіпсіз деген қорытынды шығарып беріпті. Енді соған қайта барсын дейді, жаңа үйді бергісі келмеген мердігер мекеме басшысы.

«Жаңа үй әлі тапсырғанымыз жоқ. Біраз шаруалары бар әлі»,-дейді «Астана құрылыс» компаниясының президенті Мұрат Бәжімов

Алайда жаңа баспанадан дәмелі жұрт қабырғасы қисайған үйге енді қайтып қоныстанбаймыз деп отыр. Сондықтан, 72 отбасы жиналып, қалай да жаңа үйді алудың амалын қарастырмақ.

Оқи отырыңыз:

Астанада тұрғын үй кешені отқа оранып, 150 адам көшірілді

Бір жасар қызын тұрғын үй ауласына тастап кеткен ана іздестіріліп жатыр

Мейрамбектің әнін нақышына келтіре орындаған армян қызы көпшілікті сүйсіндірді (видео)

Талқылау