Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда атақты дөнер дәмханасы қиратылды

Алматыда заңсыз тұрғызылған дәмханалар сүріле бастады. Алғашқылардың бірі болып қала орталығындағы танымал кафе жермен-жексен етілді деп хабарлады КТК.

фыв

Сурет voxpopuli.kz

Бірнеше жыл бойы жұртқа дөнер дайындап келген орынның ережеге сай еместігі әкімнің бұйрығынан соң анықталған. Тайлы-тұяғымен жеткен шенеуніктер мен сот орындаушылары қожайынға ішіндегі заттарын толық шығаруға да мүмкіндік бермей қойды.

Таңертең ескертіп, бірден нысанды бұздыруға кіріскен сот орындаушыларын жағалап жүрген азамат осы дәмхананың қожайыны. Бірақ оның сөзіне құлақ асар тірі жан жоқ. Полиция мен ауыр техниканы ала келгендер бір жапырақ қағаз көрсетіп, кафені сүруге кірісті.

Небәрі жарты жыл бұрын жалға алу құжаттарын реттегенде ешқандай заң бұзушылық анықталмаған дейді кәсіпкер. Бірақ қазір бизнесінің тас-талқаны шықты. Сақтап қала алған дүниенің ішінде үстел мен орындықтар, азық-түлік пен сусындар ғана бар. Алдын-ала ескерту жасалғанда жапсарлас салынған орынды өз еркіммен бұзар едім дейді.

“Бүгін аяқ астынан техника мен көптеген адам келе қалды. Қазір бәрін қиратып жатыр. Бұл тек тақтайлардан жасалған нысан, оны бұзу үшін трактордың қажеті де жоқ”, – деді дәмхана қожайыны Ахметбек Рахмонов.

Ал шенеуніктердің айтуынша, дәмхана иесінің жарты жыл бұрын бәрі дұрыс еді дегені өтірік екен. Кәсіпкердің мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иемденгені осыдан бір жыл бұрын анықталыпты. Бірақ, шара қолдануға батпай жүрген атқамінерлер енді ғана іске кіріскен.

“Жоспардан тыс тексеру жүргізу нәтижесінде бұл құрылыс заңсыз екендігі анықталып, сотқа жолданды. Бүгінгі күнге дейін нысан иесі сот шешімін орындамай келді. Бұл заңсыз құрылыс үкіметтің жер қорында салынған, рұқсат қағаздары жоқ”, – дейді Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Біржан Қожаниязов.

Сәулет және құрылыс басқармасындағылардың айтуынша, маусым айының соңына дейін тура осындай 16 нысан мәжбүрлі түрде сүрілуі тиіс. Ол үшін заңсыз тұрғызылған дәмхана қожайындарына сот шешімі мен ескерту қағаздар жіберіліпті. Ендігі кезекте таңдау оларда. Яғни, қазірден бастап өз еркімен нысандарды бұзу немесе ауыр техниканың келуін күту ғана қалды.

Талқылау