Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ашынған жұрт жүк көліктерінің қозғалысын тоқтатуды талап етті

Алматыда бүтін бір ауыл кәсіпорындардан тарайтын қалдықтан емес, онда кіріп-шыққан жүк көліктерінен көресіні көріп отыр. Төрт бірдей өндіріс ошағынан тонналап тауар тасығандар ауылдың ішімен өтеді екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

ысыс

Сурет newauto.kz

Жолдың жайы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, жұрт жауынды күндері балшықтан аяқ алып жүре алмай, жазда шаңға көміледі. Бұл ауылдың көшелерін нағыз атракцион дерсіз. Тұрғындары тастан тасқа секіріп, ал көліктер су кешіп жүр. Ойдым-ойдым жолдардан әсіресе, оқушыларға обал. Бантигіне дейін балшық жабысып, мектепке кір-қожалақ боп баруға мәжбүр.

“Балалар мектепке баратын болса целлофан кигізіп, мектепке барғаннан кейін целлофанын шешіп аламыз аяқтарынан. Алматыда тұрғанға ұяламыз, Алматы деген аты тек қана! Қонағымыздан ұяламыз. Қонақ келуден қалды”, – деді Теректі ауылының тұрғыны Айжамал Шоқжанова.

Жолдың кесірі қыз-келіншектерге де тиіпті. Жергілікті сұлулар тас-талқан болған жолдардың салдарынан көшеге сәнденіп шығудан қалдық деп отыр.

“Биік өкше киюден қалдық! Биік өкше де кимейміз, бұтымызға ақ шалбар да кимейміз, өйткені бәрі балшық, шаң-шаң болады. Міне, машина! Салығын төлейміз, төлемесе айыппұл салады. Салығын төлейміз, айналайын, жол жасасыншы, әкімдер қайда қарап жатыр? Мына машинаның ходовкасына пәленбай ақша кетеді! Салықты алғанда сондайсыздар, жолды жасап беріңіздер бізге!” – дейді Гүлзира Қалиева.

Теректі елдімекені 3 жыл бұрын Алматы аумағына қосылған. Жолдың азабын тартқан жұрт сонда көшеміз түзеледі деп қуанған. Бірақ, талқаны шыққан жолға асфальт тұрмақ, тас та түспепті. Ал әкімдік жолға қаржы жетпеді деп жайбарақат отыр.

“Уақытын мен кесіп айта алмаймын. Өйткені, бюджеттік шығынды екі есе шығындамау мақсатында бірінші инженерлік жүйелер жүреді, содан кейін барып жол мәселесі салынады”, – деген пікір айтты Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұқанғали Алмасаев.

Онсыз да жұқарған жүйкені көлденең көк аттылар тоздырып жіберген. Таяқ тастам жердегі зауыттарға сырттан келетін ауыр жүк көліктері жұрттың қолмен төсеген жолын жайпап жүр екен.

“Күректеріміздің бәрі сынып енді сынса да сол қалған күректерімізбен жасап жүрміз жолымызды. Жер аударатын күректер енді қайтесіз енді амал жоқ!” – дейді Әділет Бақбергенов.

Ауыл ішін айналма жолға айналдырғандар үлкен-кішіге қарамастан, көшені кес-кестеп кесе-көлденең өтіп жатыр. Тонналап май мен бетон тасығандарға, тіпті, осы жолмен оқушылардың жаяу жүруі де тосқауыл болмай тұр.

Талқылау