Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ашынған жұмысшылар ақысын жеген басшыларын іздеп таба алмай жүр

Еш кеткен еңбек. Алматыда 30-ға жуық жұмысшы жалақысын ала алмай жүр. Айтуларынша, Арбаттағы субұрқақты жөндеп, аяқтауға қалғанда мердігер компания сыныққа сылтау іздеп оларды қуып шыққан да, орындарына басқа бригаданы кіргізген. Ал бұрынғылары сол күйі көк тиынсыз қалыпты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

551

Сурет: tvc.ru

Маңдай терін төгіп, қылған еңбектің ақысын ала алмай, тауы шағылған жұмысшылар шарасыздықтан не істерін білмей дал. Арбаттағы бұл субұрқақты жөндеуге олар шілденің ортасы кірісіпті. Келісім бойынша, барлық жұмыс қыркүйектің басында бітуі тиіс екен. Бірақ, уақыты үлгере алмапты. Еңбек дауына да сол себеп болған.

“Басында басталған уақытта жарық болған жоқ. Басқа жақтан тартуға мәжбүр болдық. Оған да ақшаны өзіміз төлеп шықтық”, – дейді бригадир Ораз Бекенғалиев.

Істің насырға шапқанына, ешкімге керексіз болып қалғандарына жұмысшылардың бүгін көздері жетті. Ал олардың орындарын «дайын асқа тік қасық болған» өзгелер басқан. Яғни, мерзімді созған мердігер компания қалған аз-кем жұмысты бітіруді басқаларға тапсырыпты. Ал, «Сұлу төр» мердігер компаниясының басшылығымен байланысу мүмкін емес. Тіпті базыналарын осында келіп тыңдаймын деген уәдесін де орындамады. Амалдың қалмаған жұмысшылар араша сұрап, Алмалы аудандық әкімдігінің есігін қақты.

“Қолға аламыз, бақылауға аламыз барлығын. Арбаттың бойында күнде жүрміз. Таңертен келеміз, жұмысымыз сол жерден басталады”, – дейді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Дастан Қайрат.

Бір жарым ай бойы төгілген маңдай терлерінің ақысын алмайынша, жұмысшылар өліспей беріспейміз деп отыр. Әкімдік, әзірге жағдайды жақын арада шешеміз деп мәселенің тігісін жатқызды. Бірақ, түйіткілдің түйіні тарқамаса, ашынған жұмысшылар базыналарын сотқа дейін жеткіземіз деп тарқасты.


Жіберіп алмаңыз:

Алматылықтар жаппай самокатқа көшіп жатыр

Ақмола облысында ауыз су талап еткен жұртқа аудан әкімі ақылгөйсімеуге кеңес берді

Атырауда мұнай ұрлаумен айналысқан танымал қылмыстық топ қолға түсті

Дін істері министрлігінің лауазымды шенеунігі сотын Астанада өткізуге қарсы шықты

Талқылау