Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 8 жасар баланы қағып өлтірген әйел жазасыз қалды

Алматыда 8 жасар баланың өліміне қатысты іс жабылды. Алайда баланың ата-анасы соттың үкімімен келіспей отыр. Олар жол-көлік оқиғасын жасаған әйелдің жазалануын талап етуде. Сөздеріне сенсек, полицейлер күдіктінің ешқандай заң бұзбағанын айтыпты. Бірақ көлік Боря Васильченконы тура үйінің алдында өткен жылдың жазында қағып кеткен. Жеткіншек сол күйі есін жимастан, оқиға орнында көз жұмған. Ал ата-анасы, міне бір жылдан бері әділеттілік іздеп, шарқ ұруда, деп хабарлады КТК арнасы.

жасар бала олип калган

Бір жылдан аса уақыттан бері қайғыдан қан жұтқан ата-ана баланың бөлмесін ашпаған. Олардың бұл бөлмеге кіруге батылдары жетер емес. Наталья Музыка ұлының жеке заттары мен суреттерін қараумен отырады. Заттарға қараған сайын ұлымнан айырылып қалған қаралы күн есіме түседі дейді ол.

«Жүгіріп бардым, аяғы не қолы жарақаттанған шығар болмаса миы шайқалған шығар деп ойладым. Алайда көршінің көлігінің дөңгелегінің астынан көргенімді айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін ол бұлыңғыр естелік. Бір жылым тозақтағыдай өтті. Үйге келесің, ал оның іші бос. Ал сол оқиға болған жерден күн сайын өтуге төзімім жетер емес», – дейді баланың анасы Наталья Музыка.

Қайғылы оқиға болған жерде бүгінде ешкім асыр салып ойнамайды. Тұрғындар ол үшін арнайы белгі қойып қойған. Ал әрі-бері өтетін көліктің қарасы бұрынғыша көп.

Бүтін бір отбасыны қара жамылдырған оқиға өткен жылдың жазында орын алды. Кішкентай Боряны үй маңындағы көше қиылысында көлік қағып кеткен. Қатты соққыдан жеткіншек көршілес көліктің капотының астынан бір-ақ шыққан. Ол тілге келместен, ата-анасының қолында бақилыққа аттанып кете барыпты.

«Ол адамды ешқашан кешірмеймін. Рөлде отырған адамға кешірім бермеспін. Өйткені олардың әрекеті адамгершілікке жатпайды. Осы бір жылдан аса уақыттан бері, тіпті кешірім сөздерін естіген жоқпыз, өкініп те отырған жоқ. Ал тергеу ісі тек солардың пайдасына шешіледі. Оның себебін түсінбедім», – дейді Наталья Музыка.

Ал жол-көлік апатына кінәлі әйел сол күйі жазасын алмады. Баланың ата-анасының сөзіне қарағанда, бір жылдан бері тергеу жұмыстары ілгері жылжымаған. Ол аз десеңіз, полицейлер ешқандай құқық бұзушылық таппадық деп істі жылы жауып қойыпты.

«Білесіздер ме, тергеушінің сөзі мен ісіне қарасақ, әділеттілік ешқашан орнамайтындай көрінеді. Бірақ біз ештеңеге қарамастан соңына дейін барамыз», – дейді баланың әкесі Анатолий Васильченко.

Істің тоқтатылғаны жайындағы қаулының көшірмесі аудандық прокуратураға жіберілді. Енді полицейлердің шешімін прокуратурадағылар сарапқа салмақ. Ал Боряның ата-анасы бақылаушы орган тергеуді жалғастырады деп үміттеніп отыр.

Жіберіп алмаңыз:

Қапшағайда полицейлердің кесірінен 17 бас ірі қара арам қатты

Оралда құрылыс алаңынан табылған сәбиді өз әкесі қамқорлығына алмақшы

Алматы маңында «Алтын алқа» иегері сегіз баласымен далада түнеп жүр (фото)

Павлодарда қарапайым отбасы бес ағайынды баланы асырап алды

Талқылау