Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы зообағында өлген барыстардың саны 6-дан көп болып шықты

Алматы хайуанаттар бағында өлген барыстар саны алтау емес, сегіз болған. Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпаратты зообақ басшылығы растады. Бірақ олар «Қызыл кітапқа» енген аңдардың алғашқылары 1998 жылы өлген деп отыр, – деп хабарлайды КТК арынасының сайты.

Снежный барс (ирбис). Фото (25)

Ал түрлі қоғамдық қозғалыс өкілдері барыстардың ауырып өлгенін дәлелдеуді талап етуде. Себебі, олар аңдардың іш құрылысы мен терісі қара базарда саудалануы мүмкін деп күдіктенеді.

Аңдардың темір торда өлгені жайлы алғаш дабыл қаққандарың бірі – Ирина Кәрімбаева. Осыдан кейін Алматы зообағының басшысы 6 барыстың арам қатқанын мойындаған. Бірақ табиғат жанашыры өлген аңның саны әлдеқайда көп болғанына сенімді. Әрі олардың ауырып өлгеніне күмәнмен қарайды.

“Барыстардың қалдықтары мен терісі дәлел ретінде көрсетілмесе, олардың ауырып өлгеніне сене алмаймыз. Қара базарда бұл аңның терісі 60 мың доллар тұрады. Халықаралық тәртіп бойынша өлгені туралы мәлімет тіркеліп, дәлел келтірілуі тиіс”, – дейді «Алматыны қорғайық» қозғалысының мүшесі Ирина Кәрімбаева.

Белсенділердің айтуынша, барыстың терісінен өзге іш құрылысы да сұранысқа ие екен. Мәселен, Азия медицинасында одан өте сирек дәрі-дәрмек жасалады. Ал ауырып, арам қатқан барыстардың алтаудан да көп екенін зообақтың қазіргі директоры растап отыр. Бірақ алдыңғы басшылардан дәлел ретінде тек мөр басылған бір жапырақ қағаз қалыпты.

“Келісім-шарт бойынша отқа жағылады. Барлығы денесімен, терісімен тапсырылады акт бойынша. Жай мекеме оны жасай алмайды. Ол арнайы мамандандырылған мекеме. Лицензиясы болуы керек. Ол да жауапкершілікке тартылатын нәрсе ғой”, – дейді Алматы хайуанаттар бағының директоры Қанат Кәрімов.

Қызыл кітапқа енген барыстың терісі Алматыдағы мейрамханаларының біріне ілінген екен. Бұл да тағы бір дауға түрткі болды. Бірақ директор оның зообаққа қатысы жоқ деген сенімде.

“Бізге келіп бізді тексерсін, соларды тексерсін. Біздің қорқатын ештеңеміз жоқ. Құжаттарымыздың барлығы дұрыс болса, келісім-шарт болса, екі жыл бұрын осындай жағдай болды деп заң бойынша жасасақ несінен қорқамыз”, – дейді Алматы хайуанаттар бағының директоры Қанат Кәрімов.

Қоғамдық ұйым белсенділері қайткенде де тәуелсіз сараптама жүргізіп, қар барыстарының неден көз жұмғанын және олардың бағалы терісі расында да жойылған-жойылмағанын анықтауға бел буып отыр. Бұл шараға олар тіпті халықаралық мамандарды тартуды көздеуде. Егер күдіктері расталса, хайуанаттар бағына басшылық еткен бір емес, бірден үш адамның ісін сотқа жеткізбек.

Талқылау