Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша алты мыңнан астам өтініш қабылданған 

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған «Алматы жастары» пилоттық тұрғын үй бағдарламасының ресми қорытындысы шықты. Алты мыңнан астам өтініш келіп түскен бағдарламаға іріктілеп алынған 100 адам қатысатын болады.

14 желтоқсанда ТҮҚЖБ мен Алматы әкімдігінің бірлескен шарасы өтіп, аталған 100 адамның 25-іне жаңа пәтер кілті мен сертификаттар табысталды. Жеке пәтер иесі атанған жас алматылықтарды қала әкімі Бауыржан Байбек пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова жеке құттықтады.

 «2017 жылдың қазан айында іске қосылған «Алматы Жастары» бағдарламасын қала тұрғындары жақсы қабылдады. 10 жұмыс күнінің ішінде 6 657 өтінім келіп түсті. Бұл бағдарламаның Алматы тұрғындары мен банк салымшыларының арасында үлкен сұранысқа ие болғандығын көрсетеді.

Қазіргі уақытта ТҮҚЖБ-де жаңа баспана алу үшін есепшот ашып, жинақтарын толтырып жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы алматылық салымшылардың саны 80 000-ды құрап отыр. Ал 30 000-ға жуық қала тұрғыны қолжетімді несие алу мүмкіндігіне ие болды.

Жастар арасында белсенді түрде есепшоттарын толықтырып, нарықта өздерінің қалтасы көтеретіндей тиімді ұсыныстарды күтіп жүрген азаматтар өте көп. Сондықтан, олар үшін, әсіресе, табысы айтарлықтай көп емес қала тұрғындары үшін жаңа пәтер иесі атануға мүмкіндік беретін мұндай бағдарламалар аса қажет», – деді Жанар Жұбаниязова.

35 жасқа дейінгі азаматтар қатысқан «Алматы Жастары» бағдарламасының үміткерлер тізімін қалалық әкімшілік құрастырды.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткер 10 күн ішінде өтініш жіберіп үлгеруі тиіс болған. Құжаттар электронды түрде қабылданды. Құжат жинау үдерісі автоматтандырылғандықтан, бұл оның барынша әділ өтуіне ықпал етті.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі – 27 жастағы Гауһар Мырзахметова. Жеке баспанаға қол жеткізгенге дейін Гауһар 4 жыл бойы отбасымен жалдамалы пәтерде тұрған. Бүгінде ол бір бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.

«Менің есепшотымда 2 млн теңге жинақ болған. Ал банк беретін ең жоғарғы сома – 10 млн теңге. Бұл 12 000 000 теңге бір бөлмелі пәтер алуға жетті. Екі балам болғандықтан, әрине, көп бөлмелі пәтер алуды армандадым. Десек те, бізге берілген пәтер өте кең екен», – дейді Гауһар.

Гауһар сияқты іріктеуден өткен үміткерлерге берілген несиенің жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Пәтерді қатысушының өзі таңдай алады, әрі қарыз тек жаңа баспана сатып алуға беріледі.

Үміткерлерді таңдау барысында «Алматы Жастары» бағдарламасы үшін арнайы дайындалған баллдық жүйе қолданылды. Жүйе жас алматылықтарды қолдау мақсатында біршама белгілер мен талаптарды ескеріп отырған.

Мысалы, үміткерлерге берілген ұпайға өтініш берушінің некеде неше жыл тұрғаны, отбасындағы бала саны, қатысушының жұмыс орны мен өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Алматы қаласында тіркелу мерзімінің ұзақтығы сынды өзге де жайттар ықпал етті. Қатысушылар арасында жиналған ең жоғарғы ұпай 162-ге, ең төменгі ұпай 72-ге тең болды. Ал бағдарламаға қатысқан ең жас үміткер 24 жаста.

Оқи отырыңыз:

Ернар Айдар жұбайының мамандығын білмей, ұятқа қалды

Ақындар айтысы: «Алтын домбыраның» иесі анықталды

Жұлдыз Әбдікәрімова: Тағы он жылға жоқ боп кетейін бе?

Танымал тұлғалар шахтерлердің жалақысын көтеруді талап етті

 

Талқылау