Алматы облысындағы ауыл тұрғындары аммиякпен улануда

Жетісу жүрегі Талдықорған іргесінде Мойнақ деген ауыл бар. Тұрғын саны мыңнан асады. Қаратал өзенінің жағасында орын тепкен елді мекеннің ондаған жылдар бойы бас ауруына айналған проблемасы бар. Ол ауылдағы құс фабрикасы.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Кәсіпорыннан шыққан сасық иіске тұрғындар бәлкім үреніп кеткен де шығар деп топшылауға болар еді! Алайда аммиак араласқан ауа халықты алқымнан алып тұр. Ауру-сырқауға шалдыққандар көп. Асма дейсіз бе, ішек аурулары, аллергиясы тағы бар!

1973 жылдан бері тоқтаусыз істеп келе жатқан кәсіпорынның басшылығы тұрғындар наразылығына таң. Айтуларынша бұрын-соңды ешкім шағынған емес. Мыңға жуық тұрығыны бар елді-мекеннің дәл іргесінде Кеңес заманынан бері жұмыс істеп тұрған Талдықорған құс фабрикасы орналасқан. Жұрт құс саңғырғы мен зәрінен пайда болған аммиак иісіне уланып жатқандарын айтып, дабыл қағуда.

«Демала алмай, үйдің қай жеріне тығыларымызды білмейміз. Үйдің бәрін жауып қоямыз, жапсақ та бәрібір сондай қиын. Осы анагүні экологиядан кісілер де келді. Оған да айттық. Олар түк көрмегендей болып отыр енді» – дейді Мойнақ ауылының тұрғыны Бағила Дүкенова.

«Енді мына фабрика өз білгенін жасап жатыр. Мына иіс деген кешке жақын үйді басып кетеді. Менің бір немерем бар, больницаға жатып келеді, мында келеді 2-3 күннен кейін қайтадан жөтеле бастайды, үнемі жөтел» – дейді Мойнақ ауылының тұрғыны Дүйсенбек Бөлебаев. Адам төзгісіз иіс, әсіресе жел соққан сәтте қатты сезіледі. Ал, кешке қарай фабрика жұмысшылары шіріген жұмыртқалар мен өлген құстарды өртейді екен. Мұндай кезде тұмса иіс пен қою түтін ауылды басып қалатын көрінеді. Бұл – біз үшін нағыз қиямет қайым дейді тұрғындар.

Құс фабрикасынан шыққан қалдықты дәл осы қоқыс алаңына алып келеді екен. Шамамен, ауылдан 1 шақырым жерде. Бұдан тарайтын иісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, киген бетперде ешқандай көмектеспейді. Көбіне бұл жерге құстың өртенген қалдықтары мен дәл мынадай жұмыртқаларды алып келеді.

Санитарлық нормаға сай мұндай қоқыс алаңдарына қандай талаптар қойылатынын эколог мамандардан сұрап көрдік. 2011 жылғы президенттік сайлауда ел басқаруға үміткер болған табиғат жанашыры Мұсағали Дуамбеков аталған проблеманың өзекті екенін айтады. Алайда, тауық асырап, пайдаға кенелген ірі кәсіпорындардың біразы мұны шешуге құлық танытпай отыр деген ойда. Айтуынша олардың қатарында Талдықорған құс фабрикасы да бар.

«Ол полигон бетондалған болуы керек. Оның айналасында арығы болуы керек. Оның айналасында қоршау болуы керек. Адамдар, жануарлар оған кірмеуі керек, оның есігі құлыптаулы тұру керек. Сондай белгілі экологиялық талап бар, оны орындау керек. Бірақ оны көп құс фабрикалары орындап жатқан жоқ» – дейді экологМұсағали Дуамбеков. Алайда,эколог міндетті түрде болуы тиіс деп тізбектеп берген белгілердің бұл полигоннан біреуін де таппадық. Тіпті, қоқыс алаңы екенін көрсетіп тұрған тақтайша да жоқ. Табиғат жанашыры Қайрат Нұрханов аталған проблемамен етене таныс. Қоғам белсендісі құс фабрикасы тарапынан заңбұзушылықтардың орын алып жатқанына сенімді. Тұрғындармен ақылдаса келе санитарлық талаптарды орындамай отырған мекемені сотқа да берген екен.

«Біз сотқа бердік, бірақ сот осы ісімізді қарастырмай қайтарып тастады, дәлел жоқ деп. Неге дәлел жоқ? Осының бәрін көріп тұрып, мысалы, ел-жұрт біледі, қала әкімшілігі де біледі, экологиялық департамент те біледі. Мен ойлаймын, бұл жерде бір сыбайластықтың құбылысы көрініп тұрған сияқты» – дейді қоғам белсендісі Қайрат Нұрханов. Ал, миллионға жуық тауық бағып отырған кәсіпорын өкілдері болса адам төзгісіз иіс пен аммиактің тарап жатқанын жоққа шығармайды. Алайда, одан құтылу бір күндік шаруа емес. Қалдықтардың иісін жойып, минералды тыңайтқышқа айналдыру қыруар қаражатты талап етеді екен. Сондықтан, мұндай жобаны жүзеге асыру компанияны шығынға батырады, дейді фабрика директоры. Дегенмен, мекеме маңындағы экологиялық ахуал мен тұрғындардың тағдырына бей-жәй қарамайтынын жеткізді.

«Біздің жоспардағы технология Қазақстанда әлі болмаған. Жобаны Ресей мамандарымен бірлесіп, дайындап жатырмыз. Негізгі мақсат – құс саңғырығын минералды тыңайтқыш ретінде пайдалы өнімге айналдыру. Қазірдің өзінде мұндай өнімге шетелден тапсырыс түсіп жатыр. Жоба ойдағыдай іске асса, тарап жатқан иістен түбегейлі құтыла аламыз» – дейді “КӨГЕР LTD” ЖШС бас директоры Константин Шин.

Алайда, мекеме директоры жаңа технологияны нақты қай кезде енгізетінін кесіп айта алмады. Ал, тұмса иіске тұншығып жатқан тұрғындар

мекеме басшылығына сенуден қалғандарын айтады. Шілде айында кезекті рет Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан ауылға тарайтын зиянды қалдықтардың бар-жоғын анықтауды өтінген екен. Елді-мекендегі атмосфералық ауа үлгілерін зерттеп көрген басқарманың жауабы мынадай.

«Берілген зертханалық қорытындылар бойынша, ауа құрамындағы заттар талаптарға сәйкес келеді. Ол жерде өлшеген көрсеткіштер – күкірт диоксиді, күкірт сутегі,азот оксиді және шаң болды. Осы көрсеткіштер нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес болды» – дейді Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтай басқармасы басшысының орынбасары Ербол Сейсембинов.

Десе де, аммиакқа уланып жатқан тұрғындар мұндай қорытындыға күмәнмен қарайды. Осы себепті, ақылы зертхананың мамандарына жүгініп көрмек ниетте.Оның үстіне сасық иістен мезі болған ауыл тұрғындарының алды айтуларынша ауруға шалдыға бастаған. Өйткені, құс қалдықтарынан аммиактан өзге де улы заттар бөлінеді.

«Бұл саңғырықтарда өте көп көлемде патогенді микроағзалар жиналады, патогенді бактериялар. Мысалы, құстар салмонолезбен, кульбактериозбен жиі ауырады. Саңғырықтарда осы аурулардың қоздырғыштары бір немесе бір жарым жылға шейін сақталады» – дейді «Халықаралық экология академиясы» зертханасының жетекшісі назира Молдағұлова.

Осы себепті тұрғындар арасында әсіресе, тыныс жолы дертіне душар болғандар көп екен.

Мәселен, қария Дүйсембек Жабықбайұлы 70-ке таяған шағында демікпе ауруымен күресіп отыр. Дерті асқынған ол тек дәрінің күшімен жан сақтап отырғанын айтады. Қол-аяғы сау бола тұра үйден шығудан қалған.

«Фабриканың иісі жаман, аммиак шығады. Сол шыққан кезде біз үйде отырамыз, демалалмай, есікті жауып алам. Сол жел соқса осы жақтан мен бір күн үйден шықпаймын, ертеңінде бір-ақ шығам. Енді, өміріміз осы енді, өтіп жатқан» – дейді Мойнақ ауылының тұрғыны Дүйсембек жабықбайұлы.

Алайда, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ, дейді ақсақал. Жиналыс өткен сайын жауаптылар бұл мәселеден басын алып қашатын көрінеді. Ал, күдерін үзген кей тұрғындар, тіпті, ауылын тастап, жыраққа көшуге дайын.

«Себебі, кешке-таңертең демалудан қалдық. Әуелі, кішкентай қызым бар менің, қазір 4-сынып оқиды. Аллергия боп жатыр, мұрнынан су ағып тоқтамайды, диагноз жоқ оған. Сол енді, бұйырса, мына үйім өтсе басқа бір таза жаққа, басқа ауылға барсам деген ойым бар» – дейді Мойнақ ауылының тұрғыны Бекзат Нұрахметұлы.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
11.12.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар