Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жұрт аудан әкімдігінің алдына шатыр тігіп жатып алды

Алматы облысының тұрғындары жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін бүгін төтесінен қойды. Үйлеріне барар жол, жарық пен судың жоқтығына ашынған саяжайшылар аудандық әкімдік алдына шатыр құрып отырды,-деп хабарлайды ктк арнасы.

шатыр.jpg11

Өйтпесе, Талғар ауданында шаруа шешетін шенеунік табылатын емес. Іс насырға шаба бастағанын көргенде ғана қимылдаған жергілікті билік енді уәдені үйіп-төгіп жатыр.

Әкімдік алдындағы бұл шатырлар әдеттегідей меймандарды күту үшін емес, наразылық білдіру мақсатында құрылған. Талғар ауданына қарасты «Көкдала» саяжайының тұрғындары жер сатып аларда уәдені үйіп-төккен төрағаға алдандық деп отыр. Жарық жүргізу үшін ай сайын жұрттан ақша жиналып, орнына қолхат берілген.

«Бізге қолхат жазып берді. Міне осындай күні деп, көрдіңіз бе? Қолхаты да бар! Ол деген алаяқ болып тұр ғой»,-дейді азаматтардың бірі.

Жол, суы мен жарығы жоқ 28 үйдің иелері өкпелерін аудан басшылығына осылай жеткізбек болды. Олар ғимарат алдына шатыр құрып, көрпе-жастық пен ішер асын да көтере келіпті. Өйтпеске амалдары жоқ. Арыз айтып, әкімдікке талай келгенімен, уәж тыңдайтын атқамінер табылмаған.

«70 мың теңгеден жинап бердік. Столбыны әкеліп орнатқанымен , жарамайтын ескі болып шықты.Ақыр аяғында жеп-жеп жоғалып кетті»,-дейді Ерлан Байысов, саяжай тұрғыны

Ақша жеді деп айыпталған бірлестік төрағасы келмегенімен, иектерінің астындағы айқайды естіп, әкімдіктегілер тез жетті. Жұртты сабырға шықарған шенеуніктер, кезекті уәделерін үйіп-төкті.
«Әкімдікке жеке бау-бақша ұжымының жұмысына араласуға болмайды. Бірақ қаншалықты төрағаның ақша алғанын нақты талқылаймыз. Әрине, біз осы сұрақты шешуге тырысамыз»,- дейді Дәрменияр Қыдырбекұлы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары

Десе де бұл тұрғындар жақын арада жарықты келмейтіні анық. Себебі, бірінші кезекте бірлестік төрағасы жауапқа тартылып, жиналған қаржының қайда кеткені анықталуы керек екен. Ал уәдеге тағы сенген жұрт келесі наразылықтың әлдеқайда ауқымды болатынын ескертіп тарқасты.

Талқылау