Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жігіт “Вконтактеде” ғашық болып қалған қызын сотқа берді

Алматы облысы, Іле ауданында жігіт “ВКонтакте” желісінде танысқан қызын сотқа берді. Бөтен атпен танысып, жігіттің сеніміне кірген сылқым 20 мың теңгелік гүл шоғын иемденіп кетіпті. Бұл туралы Іле аудандық прокуратурасы хабарлады.

internet_2349794k

Сурет ptzgovorit.ru

Жәбірленуші жігіттің айтуынша, қызбен сөйлесіп жүріп онымен жақын араласып кетеді. Тіпті, қыздың атынан 20 мың теңгеге әпкесіне гүл сыйлап, қыздың өзіне де 30 мың теңге ақша ұстатқан. Осылайша сыйлықты Жетігенге жеткізіп те берген. Ал кейін шындық ашылғанда, әпкесі деп жүрген адамы қыздың өзі екенін білген.

Қыз әркімнің сеніміне шындап кіріп, әріптестері мен ауылдастарынан ақша алып кетіп отырған. Тіпті адамдарға жұмысқа тұрғызамын, балабақша ашып беремін деген уәделерді де үйіп-төккен. Енді 23 жастағы қызға алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.

Қызға алданып қалғандардың бірі 450 мың теңгеге несие алып беріп, алтынын 150 мың теңгеге бағалап ломбардқа өткізуге дейін барған.

“Тергеу барысында қыздың бір емес бірнеше іске қатысы бар екені анықталып, келтірген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрап отыр. Егер сотта кінәсі дәлелденсе, бар мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айырылады”, – дейді прокуратура өкілдігі.

Сот процесі алдағы күндерге белгіленбек.

Талқылау