Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында мекеме қызметкерлері иттерді аулау үшін шұжықтарды улап көшеге тастаған

Алматы облысындағы бүтін бір шаһар тұрғындары улы шұжықтың кесірінен үрей құшағында отыр. Текелі қаласындағы қаңғыбас иттерді аулайтын мамандар дәрі толтырылған тамақты көшеге лақтырып, жұрттың зәрі-құтын қашырған.

Тұрғындар қауіпті асты абайсызда балаларымыз жеп қоя ма деп қауіптенеді. Иесіз қалған төрт аяқтылардығ көзін жоймақ бодлып, үй күзеткен төбеттерді арам қатырғандардың өздері не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қаңғыбас иттерді аулаудың орнына, қалаға еш ескертусіз келіп, оларды қыра бастаған мамандардың жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. “Қалалық ветеринария орталығы” қызметкерлерінің төрт аяқтыларға көрсеткен аяусыздығынан жүректері шайлыққан олар айтарға сөз таппай қиналды. Олардың арасында итін үйде ұстап отырса да, жануарын улы астан аман алып қала алмаған жандар да бар.

“Біртүрлі дыбыстан оянып кеттім. Жарықты жақсам, итімнің аузынан көбік ағып, еденде жатыр екен”, – дейді қала тұрғыны Наталья Хабарова.

Улы шұжықтан соң жаны қиналып, қасқырша ұлыған төрт аяқтыларды көрген балалар әбден шошынып қалған. Ата-аналардың сөзінше, иттер бірінен соң бірі құсып, қыңсылаған күйі дәлізде біраз аласұрған.

«Иттерді бұлай жабайы әдіспен емес, ел көзінен таса түрде аулауға болады ғой?!Екі сағатқа созылған сұмдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Иттер дәріден уланған соң аласұрып, қыңсылай бастады. Арам өлген төрт аяқтылардың денесі көшеде екі күн бойы шашылып жатты. Мұны көрудің өзі қорқынышты!» – дейді қала тұрғыны Елена Володина.

Текеліліктердің төбе шашын тік тұрғызған бұл ғана емес, тұрғындар қалалық ветеринария бөлімінің мамандары қауіпсіздік шараларын қалай ұмыт қалдырғанына таңғалады. Ит аулаушылардың тірі жанды сеспей қатыратын шұжықтарын көшеде ойнап жүрген бала қолына алып, аузына салуы бек мүмкін еді, дейді олар.

“Егер шұжықты балалар жеп алса ше, ол туралы ойланды ма. Балалар көшеде ойнап жүр ғой”, – дейді тұрғын.

Ал қалалық ветеринария бөлімінің жетекшісі бұл жайттан бейхабар болып шықты. Сергей Мусаевтың сөзінше, ол қол астындағы қызметкерлеріне иттерді улау әдісімен емес, ұйықтатын оқпен ату арқылы ұстауға бұйырған. Ал Текелідегі төбеттерді қырғандардың кім екенін өздері де білмейді.

«Біздің мамандар қаңғыбас иттерді ұйықтатын оқпен ату арқылы ұстайды. Ал тамақпен улау бұл – жабайы әдіс. Бұл Заңмен тыйым салынған амал. Өзім ит аулаушылармен бірнеше рет кездесіп, төрт аяқтыларды қалай ұстауға болатынын үйреттім. Бәрі қазір бізді кіналауда. Кінәлілерді іздеп табамыз!» – дейді қалалық ветеринария бөлімінің жетекшісі Сергей Мусаев.

Қала тұрғындарының төбе шашын тік тұрғызған ит аулаушылар иесі бар жануарларды өлтіру жеке мүлікке зиян келтірумен тең екенін білмейтін сыйңайлы. Қала әкімдігінде бірнеше рет жиналып, осы мәселе бойынша жиын өткізген тұрғындар еш нәтиже жоқ екенін айтып ашынады. Үй күзетіп, жалғызбасты жандарға қара болып жүрген жеті қазынаның біріне аяусыздық танытқандарға қарсы сотқа арыз беріп, істі соңына дейін жеткіземіз дейді текеліліктер.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау