Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көмірді таспен араластырып сататын алаяқтар пайда болды

Жетісу өңіріндегі тұрғындар көмірді таспен араластырып сататын алаяқтармен күреске кірісті. Олар түнде қойманы торуылдап, тас тиелген жүк көліктерін бейнетаспаға түсірген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Тұрғындардың айғағына сүйенген монополияға қарсы агенттік қызметкерлері қойма иелерін тексереді. Естеріңізде салсақ, өткен айда Алматы облысында 30 градус аяз тұрғанда жұрт көмір таппай сенделіп қалған еді. Қазір бұл мәселе ішінара шешілгенімен, жағдай әлі толығымен түзелмеген.

Тұрғындар бірнеше  түн бойы тас пен көмір қоқымы тиелген Камаздарды аңдыған. Айтуларынша, отын тапшылығын пайдаланып қалғысы келген алаяқтар тасты көмірмен араластырып сатып отырған.

“Тұрғындар тарапынан «алыпсатаралар  көмірді таспен араластырып жатыр»  деген  шағым қаптап кетті.  Алғашында сенбедім. Кейін  досым екеуміз барып, тас тиелген КамАЗ-ды аңдыдық. Олар шынымен де көмір қоймасына келіп, тас пен қоқымды төгіп кете барды”, – дейді Ескелді ауданы қоғамдық палатасының мүшесі Владимир Наточий.

Алаяқтыққа барған көмір қоймасының иесі өз кінәсін бірден мойындады. Тіпті қандай жаза болса да арқалауға бармын деп ағынан жарылды. Бірақ ол «қоймаға түсіп жатқан көмір сапасын тек біз ғана тас араластырып  нашаралатып жатқан жоқпыз, әу бастан-ақ өңірге жаман көмір түсіп жатыр» деп ақталды.

“Қоймаға түскен көмір сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Біз оны фотоға түсіріп, кеніштегі иелеріне жібереміз. Вагондарға  жақсы  көмір тиеңдерші деп жалынып сұраймыз. Бірақ одан нәтиже жоқ”, – дейді көмір қоймасының иесіБахадүр Қадыров.

Аудандық әкімдік қызметкерлері өңірде әлі де көмір мәселесінің өзекті болып тұрғанын жасырмады.  Ал  жағдайды пайдаланып отынға тас пен қоқым араластырып жүрген алаяқтармен олар қоғам белсенділерімен бірігіп күрес жүргізбекші.

“Сол қоғамдық кеңестерден қазір бізде фотосурет, видеосуреттер бар екен, сол құжаттардың бәрін қазір жинап жатырмыз да, табиғи монополия департаментіне құжаттарын дайындап сол жаққа жібереміз. Ары қарай іс қозғау жөнінде”, – дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпеков.

Өткен айда Жетісу жерінде аяз күшейгенде халық көмір іздеп тентіреп кеткен еді. Бұл мәселеге үкіметтің өзі тікелей араласқан соң ғана өңірге қара отын тиелген вагондар жетті. Алайда  қойма маңындағы ұзын-сонар кезек мұнымен азайған жоқ. Ауыздары күйген жұрт қыс бітіп қалса да, алдағы маусымға алдын ала қамданып жатыр.

Тағы оқыңыз: 

Атырауда өз балаларын ұрған ер адам қамауға алынды

Енді қазақстандықтар мемлекеттік органдарға анықтамалар апаруға міндетті емес

Алматыда жоғалып кеткен жігіт есін жоғалтқан күйі басқа қалаға кетіп қалған

Қанағаттандыра да алмайсыңдар: Атышулы Замира ер азаматтарға тағы да өкпесін айтты (видео)

Талқылау