Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көлік жуатындар клиенттің машинасын айдап әкетіп апатқа түскен

Алматы облысында жанармай бекетінен көлік ұрланды. Алматы-Бішкек тас жолының бойындағы бекетте орналасқан көлік жуу орталығының қызметкерлері клиенттің темір тұлпарын рұқсатсыз мініп, жол апатына түскен.

1418613717147_bulletin

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Біреуі оқиға орнынан қашып құтылса, екіншісі сол сәтте ұсталыпты. Алайда Гелиос компаниясы қос күдіктіні де танымаймыз деп ат тондарын ала қашты.

Көлігін жылтыратып жуып, химиялық тазалау жасатпақшы болған Жангелді Бауыржан бармағын тістеп жүр. Жаңа жыл қарсаңында темір тұлпарын Гелиос жанармай бекетіндегі көлік жуу орталығына кіргізген екен. Жарты ақшасын төлеп, көлігін ертесі күні алатын болып келісіпті. Алайда, сол күні түнде көлік жуу орталығының қызметкерлері оның Митсубиши Л200 автокөлігін ұрлап шығып, жол апатына ұшыраған.

“Химчисткаға алып келгем осы жерге. Ақшасын келісіп тастап кеткем. Сосын олар күн суықта кебуі қиын болады кілтті тастап кетіңіз оталдырып кептіреміз деді. Сөйтіп кілтті тастап кеттім”, – дейді жәбірленуші Жангелді Бауыржан.

Алайда көлікті жууы тиіс жігіттер рұқсатсыз көшеге мініп шығып, Абай ауылында апатқа ұшыраған. Жоғары жылдамдықпен жүйткігендер екі бірдей қымбат көлікпен соқтығысып барып бір-ақ тоқтапты. Біреуі оқиға орнынан із суытса, екіншісін жәбірленушілер ұстап алған.

“Аға мен машинаны жөндеп беремін сіз полиция  шақырмаңыз деп сұрады. Құжаттарың бар ма дегенде жоқ деді. Қайда жұмыс істейсің деп едім «Гелиос» бекетінде мойкада істеймін деді. Сосын құжаты болмағасын жол полициясын шақырттым”, – дейді жәбірленуші.

Қазір өзгенің көлігін заңсыз иемденгендерге қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ екінші күдіктіге де іздеу жарияланыпты.

“25 және 21 жастағы екі ер адам қылмысты жасады деп күдіктелуде. Олардың бірі қазіргі уақытта ұсталып кінәсін мойындады. Екінші күдіктіні ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің өндірісінде”, – дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы Шолпан Жайсанова

Қазір Гелиос компаниясы да құзырлы орындарға шағым түсірген. Себебі олар ұрлыққа барған қос күдікті көлік жуу орталығында жұмыс істемейді дейді. Сондықтан бейтаныс біреулердің кесірінен компания атына кір келді – деп жазбаша жауап қатты. Соған қарамастан көлігі бүлінген жүргізушілер енді шығынды осы компаниядан өндіріп алуды көздеп отыр.

Талқылау