Алматы облысында иттерге улы шұжық беріп өлтіргендердің ісі қаралып жатыр

Алматы облысында қаңғыбас иттерді улы шұжық тастап қырғандардың ісі сотта қаралып жатыр. Мұндай төрт аяқтылардың көзін жоямыз деп, қарапайым тұрғындардың, әсіресе балалардың өміріне қауіп төндіргендердің әрекеті туралы жаңалықтарымызда бұдан бұрын көрсеткен болатынбыз.

Осыдан соң арнайы комиссия құрылып, тергеу басталған. Алайда, іске нүкте қою әлі ерте. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

“Ол шұжықтарды лақтырып кетті. Иттер деп алып, 20 минуттан соң улана абстады. Үйсіз иттер көшеде жүгіріп аласұрды”, – дейді тұрғын.

Қаңғыбас иттерді аулаудың орнына қалаға еш ескертусіз келіп, оларды қыра бастаған мамандардың әрекетіне бірнеше рет куә болған Текелі тұрғындары кінәлілерді жауапқа тарту керек дейді. Солардың кесірінен мұндағылардың көбі үйінде ұстап отырған иттерінен айырылған.

“Біздің үйде Круз атты питбуль болатын. Төрт жыл бойы оны бағып-қақтық. Жануарымыз қиналып өлді. Оның ит аулаушылар қолынан арам өлгеніне 9 ай өтсе де, отбасымызбен әлі қайғырып жүрміз”, – дейді ТЕкелі қаласының тұрғыны Елена Воропаева.

“Иттерді әдейі улап өлтірді. Сәйкестік емес бұл. Оқиға 2,5 – 2 ай бұрын болған еді. Мен үш бірдей итімнен айырылдым. Үшеуі де 2 сағатта арам қатты”, – дейді тұрғын Шыңғыс Нұржанов.

Текелі тұрғындарының төбе құйқасын шымырлатып, төрт аяқтыларды түгел қырғандардың әрекеті 3 жылдан бері жалғасып келеді екен. Мұндағылар талап-арызымыз ескерілмегесін, бұқаралық ақпарат құралдарына хабарластық дейді. Біздің арнада 7 қаңтарда көрсетілген сюжеттен соң, иттерді улау әрекеттері тоқтағанымен, тұрғындар мұның уақытша екеніне сенімді.

“Үш апта ішінде облыстық комиссия құрылды. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Тексеру шараларына көңілім толады. Соның арқасында құлағымыз тынышталды. Ветеринариялық станция өкілдері иттерге арналған торлар орналастырып жатыр. Бірақ мұның барлығы репортаждан соң қолға алынған көзбояушылық”, – дейді Елена Воропева.

Ит аулау кезінде қолданылуы тиіс торлар бұрын-соңды болмағанын тұрғындар өздері түсірген бейнежазбалармен дәлелдеп берді. Видео өткен жылдың желтоқсан айында түсірілген. Төрт аяқтыларға арналған екі тордың ішінде иттердің жоқ екенін анық байқауға болады.

“Ол жерде екі тор болды. Іші бос еді. Тіпті иттердің өлі не тірі екенін де білмедік”, – дейді тағы бір тұрғын.

Зардап шеккендердің сөзінше, ветеринарлық станция қызметкерлері заңды белшесінен басқан. Олар ауланған иттерге уақытша тұратын орын тауып, медициналық көмек беруге міндетті екен. Мемлекеттен бөлінген қомақты қаржыға төрт аяқтыларды жабайы түрде улап өлтірмей, инемен егіп, жантәсілім етулері тиіс.

Қазір ветеринарлық станцияның мекен-жайы өзгерген. Орталықта үй жануарларына арналған торлар пайда болып, иттер де күтімге алынған: тамағы тоқ, түнейтін орындары жылы. Бұрын көше кезіп, қаңғыған иттерге ұқсамайды. Тұрғындар, станция өкілдері оларды түсірілім үшін жалға алған деген күдік келтіріп отыр. Ал ит аулаушылар болса бәрін теріске шығарып, бюджет ақшасының дұрыс игерілгенін алға тартты.

“Біздің қызметкерлер қаңғыбас ит-мысықтарды арнайы тапашаның көмегімен ұстайды. Тұрығандардың айтқаны жалған”, – дейді Текелі қаласы ветеринарлық орталық директоры Айтмұрат Мулькаманов.

Ветеринарлық орталықтың дерегінше, өткен жылы 690 иттің көзі жойылған. Қала тұрғындары станциядағы екі вольердің барын ескеріп, оның әрбіреуінде бір жылда 121 ит болуы тиіс екенін есептеп шығарған. Нәтижесінде, 500 төрт аяқтының із-түссіз жоғалғаны белгілі болып отыр. 16 адамнан тұратын топ қазір істі сотқа тапсырған. Алғашқы сот отырысы 12 ақпанда болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр