Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бүтін бір отбасы мүшелері иіс тиіп қайтыс болды

Қайғылы жағдай Көксу ауданы, Балпық би ауылында болған. Алдын-ала болжам бойынша, оқыс оқиғаға от жағатын пештегі ақау себеп болған. Жылыту маусымы басталғалы облыста ыстан улану оқиғалары тым жиілеп кеткен.

pechka_147

Бұл туралы STAN.KZ 31-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Көксу ауданы Балпық би ауылында ел қатарлы өмір сүріп жатқан Әсем есімді ананың тағдыры мен екі баласының өмірі осы үйде кенеттен қиылды.  Тұңғышы 12 де, кішкентайы 7 жаста, ал Әсемнің жасы небәрі 32 де екен. Ұстаздардың да қаралы хабардан қабырғалары қайысып, қайғылы жағдай жандарына ауыр тигендерін айтады. Ал, мәйіттерді жерлеуге Жаркент өңіріне туыстары алып кетіпті.

Балпық би ауылындағы №1 орта мектеп ұстаздары мен оқушыларына да бұл жағдай оңай тимеді. Қаза болған екі бала осы мектепте оқыған.   Қаралы хабардан қабырғалары қайысқан мектеп ұжымы марқұм болған балалардың  суретін алдымен  мектеп тақтасына іліп, артынша өзге оқушыларға ауыр тиген соң, алып тастаған.

Балпық би ауылындағы №1 орта мектептің мұғалімі Арай Сайлауханқызы: “Аружан жетінші сыныпта, Асылбек екінші сыныпта оқыған. Екеуі де үздік оқушылар,  сабақтан мүлдем қалмайтын. Мектептен тыс шараларға белсенді қатысатын. Бұл қайғылы жағдай бәрімізге ауыр тиді. Анасы да балаларына өте мұқият қарайтын. Үнемі сабақтарын сұрап,  жиналыстардан қалмайтын адам болған”, -дейді.

Алматы облысында жылыту маусымы басталғалы мұндай қайғылы жағдайлар жиілеп кетті. 15 қазаннан бері 65 адам ыстан уланып, 9 адам көз жұмған.

Төтенше жағдайлар қызметіндегілер осылайша әр бір тұрғынға сақтық шараларын түсіндіруде.  «Жүрдім-бардым»  қарауға болмайтындығын да  ескертіп жатыр. Мамандар, сақтансаң сақтайды демекші, ай сайын от жағатын пештің құдығындағы күлді жиі тазалап отыруға  кеңес береді. Айтуларынша, қазіргі көмір өте майлы келеді. Пештің іші тез ыстанып кетеді дейді.

Талқылау