Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында екі жігіт 57 жастағы әйелді ұрлап, туыстарынан ақша сұраған

Алматы облысында 57 жастағы әйелді ұрлаған күдіктіні полицейлер қолға түсірді. Бұл туралы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

10769366

25-інен 26-шы шілдеге қараған түні Іле аудандық полициясына Алматы тұрғыны хабарласып, 57 жастағы анасының жоғалып кеткенін хабарлайды. Тәртіп сақшылары дереу іздеу шараларын ұйымдастырып, жағдайды облыстық полиция басшысы, генерал-майор Мұрат Ұрымхановтың өзі бақылауға алады.

“Іздеу шаралары барысында әйелді белгісіз адамның ұрлап, оның туыстарынан ірі көлемде ақша талап еткені белгілі болды. Жедел-іздестіру шарасына ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының, криминалды полиция және облыстық басқа да департамент қызметкерлері де қосылды”, – делінген полиция хабарламасында.

Бір тәулік ішінде полицейлер кепілге алған адамның орналасқан жерін анықтайды. Олар әйелді Алматыдағы пәтерлердің бірінде ұстап отыр екен. Кейін әйел босатылып, қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Полиция жүргізген операция нәтижесінде екі ер адам ұсталып, олар Іле аудандық полиция бөлімшесінде қамауға алынды.

“Ұсталғандар 1964 және 1988 жылы туған Талғар ауданының тұрғындары. Бұрын олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір екеуі де болған жағдайды баяндап, мойындады. Қазіргі таңда олардың үстінен “Адам ұрлау”, “Қарақшылық”, “Автокөлікті заңсыз иелену” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, облыстық тергеу басқармасы мән-жайды анықтау үстінде”, – деп хабарлады облысты ІІД баспасөз қызметі.

Полиция екі күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысына байланысты зерттеуді жалғастыруда. Ал бас сүйегі мен миынан зақым алып, қолы сынып, миы шайқалған әйел Алматы дәрігерлерінің қатаң бақылауында.

Талқылау