Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында анасы 5 жыл бұрын жоғалып кеткен ұлының қайтыс болғанын жақында ғана білген

Алматы облысының тұрғыны Әсия Бастаеваның ұлы осыдан 5 жыл бұрын жоғалып кеткен. Жақсылықтан үміттенген ана жүрегі ұлының бір табыларына сенген. Алайда ол 2013 жылы көлік апатынан қаза тапқан болып шыққан. Ал анасы қайтыс болған ұлының хабарын енді ғана алып отыр.

Алматы облысында анасы 5 жыл бұрын жоғалып кеткен ұлының қайтыс болғанын жақында ғана білген

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қарғалы аулында тұратын Әсия Бастаева 5 жыл бұрын жоғалып кеткен 24 жастағы ұлын іздеп бармаған жері жоқ. Ұлы Жаслан Докушев табылмаған соң, оны бір күні табылатынынан үміттенген. Алайда Жаслан көлік апатынан қаза тапқаннан кейін, өзімен бірге құжаттары болмаған соң, тұлғасы анықталмай, есімдері анықталмаған жандарға арналған зиратқа жерленген. Ал полиция бұл туралы тек жақында хабарлапты. Ендігі марқұмның өлімі туралы хабарды 5 жылдан кейін алған марқұмның туыстары полиция адам өліміне салғырт қарады деп айыптап отыр.

«Баламыздың суретіне қарап, танып тұрдым. Балам екеніне көзім жетті. Өлгеннен кейін мәйітханада түсірілген суреттер ғой деймін. Кеше жерленген жеріне бардық. Бейіті жермен жексен болып қалған. Кішкене топырағын көтеріп қойдық», – дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Әсия Бастаева.

Ал полиция мәліметінше, Жасланды 2013 жылдың 9 мамырында көлік қағып кеткен. Ол ауыр жарақат алып, салдарынан ертесі күні аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған. Ал оның қағып кеткен көлік жүргізушісі анықталып, сотталаған екен.

«Полиция қызметкерлері тұрғысынан ешбір заңды бұзу дерегі анықталмаған, өйткені қалтасында бірде бір құжаты жоқ, арнайы өзіміздің шұғыл процедураларды жүзеге асырған кезде де, саусақ іздерін тексерген кезде де ешқандай базадан анықталмаған», – дейді Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Полициядағылардың айтуынша, олар марқұмның Жаслан Докушев екенін бірден анықтай алмапты. Алайда марқұмның туыстары «ол 12 күн бойы мәйітханада жатқанда іздеп барғанын, сол кезде ешкімнің жақ ашпағанын» айтуда. Ендігі олар полициядағылардың «тұлғасын анықтай алмадық» деген жауабына күдікпен қарап отыр.

«Сол мұншалықты бес жыл уақытты әдейі созып отыр», – дейді марқұмның бауыры Нұрлан Докушев.

Ендігі марқұмның туыстары оның моласын қоршап, басына тас қойғалы отыр. мұнан кейін оның өліміне қатысты шындықты білу үшін құзырлы органдарға шағымданбақ ниетте.

Айта кетсек, бұған дейін 7 жыл бұрын ұлы жоғалып кеткен алматылық әйел оны “өлі күйінде тауып алды”.

Талқылау