Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында үлкендер айта алмай жүрген мәселені көтерген оқушы “жұлдызға” айналды

Биліктегілер бізге қашан назар аударады? 8-сынып оқушысы ауылындағы мәселені ашына айтып, әлеуметтік желіге жариялады. Қаршадай бала туған жеріндегі жарты ғасырдан бері үлкендер айта алмай келе жатқан мәселені көтерді.

Алматы облысында үлкендер айта алмай жүрген мәселені көтерген оқушы "жұлдызға" айналды

Оның жанайқайы желіде бірден тарап, Панфилов ауданымен қатар Алматы облысындағы бірқатар жауапты шенділердің шашын ағартқандай. Осыдан кейін ауылдастары оны “жас журналист” деп атап кеткен. Ал Кіші Шыған елді мекенінің жұртында ауыз су мәселесі шешіліп қалар деген үміт пайда болған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Кіші Шыған ауылында тұратын 8-сынып оқушысын қазір бүкіл ел таниды. Оның ауылдағы аузы су мәселесін көтерген екі минуттық видеоүндеуі әлеуметтік желіде лезде тарап, жалпақ жұртқа жайылды.

Zhenis Kenzhesuly Kuspan парақшасынан алынды:

“Отын олжа, су қорлық” дейді атам қазақ. Нақ қаланың жанындағы аядай ғана Кіші Шыған ауылында неге су жоқ?. Қыстың аязында, күннің аптап ыстығына қарамай, күннің атысы, кештің батасы бір фляг су үшін мынадай арбаларды сүйреп алып, су іздейді біздің халық. Жоғары биліктегілер бұған көңіл бөле ме?”

Осылайша 13 жастағы жеткіншек ауылдастарын жылдар бойы мазалаған өткір мәселені көтерді. Бес жүзден астам түтіні бар елді мекенде бар-жоғы екі колонка бар екен. Оның өзі суды бір жарым сағат қана береді. Осы уақытта ішуге және үйдегі малға қажетті суды алып үлгермегендер сусыз отырады. Бірақ, бұл мәселе жайлы 50 жылдан бері үлкендер үндемей келген.

«Мен 2-сыныптан бері су тасумен өтемін. Біздің ауылдың балалары сабақтан келе сала бос уақыттары жоқ. Барлығы осындай арбаларды сүйреп алып, колонканың басына жиналамыз. Біздің ауылда екі-ақ колонка бар. Біздің балалардың көбісінің ойы, ауыл адамдарының барлығы осы ауылға су шығарып берсе екен деп ойлайды» – дейді Кіші Шыған ауылының тұрғыны Ұлықпан Ержан.

Ұлықпан болашақта өткір мәселелерді қаймықпай көтеретін журналист болуды армандайды. Осы мақсаттағы бұл оның алғашқы әрекеті екен. Ал кішішығандықтар басшылардың құрғақ уәдемен асырап келе жатқандарын айтады.

«Біз тұрғалы 40-50 жыл болып қалды. Осы суға жарымадық колонканың. Үлкен-кіші болып суға келеміз, канистріміз бар, флягамыз бар. Жас балаларымызды көтеріп осында келіп, қайтадан қайтамыз, келіп қайтқанда кейде баламыз мектептен қалып қалады» – дейді Кіші Шыған ауылының тұрғыны Рысжан Қариева.

«Үлкен ауыл бұл, екіге бөлінеді. Шыққан күні шығады мына біздің колонкадан. Шықпаған күні су жоқ. Бала-шағаның көрген күні осы – каникулда да, сабақта да. Тачкіні сүйреп ап, есек арбаны қатып ап, су тасимыз да жүреміз. Алған адам алады, алмаған адам көрші ауылдарға барып аламыз. Көрші ауылдың барлығында су бар, неге екені белгісіз біздің Кіші Шыған ауылында су жоқ» – дейді Кіші Шыған ауылының тұрғыны Еркін Бақтаев.

Расымен де біз барған күні колонкадан бір тамшы су да тамбады.

Кіші Шыған ауылының тұрғындарына су түске дейін берілуі тиіс болған. Таңның атысынан сарыла күткенімен судың сарқыншағы да келмеді. Енді жұртшылық ыдыстарын жинап, су іздеуге аттануда. Қайда барасыңдар? Енді амал жоқ ыдыстарымызды жинап, Жаркентке барып су аламыз.

Ал аудан басшылығы су мәселесінен хабардар. Олардың айтуынша, ұңғыма Кеңес дәуірінде салыпты. Судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейді екен. Дегенмен, осы жылы мәселені шешіп береміз деп, бөлінбеген қаржыдан дәмелендіріп отыр.

«Былтырғы жылы облыстық бюджеттен осы ауылға қаржы бөлінді, 19 миллион. Оған біз жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, мемлекеттік сараптаманың қортындысын алдық. Мемлекеттік сараптама қортындысына сай, сол ауылдың су желілерінің құрылыс монтаждарын жүргізуге 908 миллион теңге қажет екені анықталды» – дейді Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй бөлімінің бас маманы Сәлем Қырықбаев.

Бұл қаржы наурыз айында бөлінгенімен, мердігер компанияны анықтау үшін тендер ойнатылмақ. Құрылыс жұмыстары 9 ай созылатынын айтқан жұрт, биыл да ауыз су келе қоятыны неғайбыл дейді. Алайда, шенділер Ұлықпандай жас тілші мәселе шешілмегенше тыным бермейтін шығар деп үміттенеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау