Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы көшелерінде шынымен де “жеке патрульдер” пайда болды ма?

Әлеуметтік желілерде қару-жарақ асынып, Алматы қаласындағы тәртіпті өздеріміз орнатамыз деп шешкен азаматтардың суретін қарапайым халық сынның астына алды. Stan.kz ақпараттық агенттігі жеке күзет туралы ақпаратты анықтау үшін, осы сақшылар тобын ұйымдастырған Әлмұрат Мұратовпен байланысты.

Халықтың арасында “жеке патрульдер” жайында бұрыс пікірдің қалыптасқанын түсінген Әлмұрат Мұратов, жеке патрульдың негізгі қызметін, мақсатын және оның қалай пайда болғанын айтып берді:

“Нарықты зерттеп, қоғамның қызметтің осындай түріне мұқтаж екенін түсінген соң, осы жобаны іске қосуды жөн көрдік. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйендік.

Көпшілік жеке патруль атауын естігелі бері біздің жұмысымыз жайлы қоғамда бұрыс түсінік қалыптасты. Жеке патруль деген — компаниямыздың маркетингтік қадамы ғана. Шындығына келгенде, біз полицейлер сынды барлық қала тұрғындарын бақылаумен айналыспаймыз. Қаланы бақылауға тек қана полицияның құқығы бар”, — дейді ол

Әлеуметтік желілерде адамдардың бір бөлігі ер азаматтардың  істеріне қолдау көрсетіп, сәттілік тілесе, екінші бөлігі осындай сақшылардың кесірінен қаладағы қылмыстың саны көбейетінін айтып, оларға наразылық танытып отыр.  Осыған байланысты Әлмұрат Мұратов өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, сақшылар нақты қай жерлерді, қанша топпен бақылайтынын айтып берді.

Қазіргі уақытта қаладағы Медеу және Наурызбай аудандарымен арада келісіміміз бар. Біздің қызметкерлеріміз сол аудандардағы тәртіпті бақылаумен айналысады. Олар 7 күн,  24 тәулік бойы кезектесіп, белігілі бір ауысыммен нысанды қорғайды. Әр патруль тағы да үш күзетке бөлінеді. Ауысыммен жұмыс кезінде бір топта 10 адам жұмыс істейді. Дегенмен қызметкерлеріміз көшеден заңды бұзып, бұзақылық жасайын деп тұрған адамды көрсе бірден полицияға қоңырау шалады”, — дейді жетекші.

“Жеке патруль” мен полиция арасында түсініспеушіліктер де жоқ. Сонымен қатар, көшеде денсаулығы нашарлап, өзін жағымсыз сезінген адамға патруль мүшелері медициналық көмек көрсете алады:

“Тәртіп бұзған адамды біздің қызметкер полицейлерге табыстайды. Ал егер бұзақы қарияның немесе кішкентай баланың, жалпы азаматтың өміріне қауіп төндіріп тұрса, полиция қызметкерлері келгенше оның ісіне бөгет жасап, қарапайым халықты қорғаумен айналысады. Біз қызметкерлерімізді халыққа барынша жақын болуға шақырамыз, олармен мәдениетті сөйлесуге міндетттейміз. Тұрғындарға құрмет көрсетуді үйретеміз. Халық форма киген азаматтардан қорықпай, оларға сене білдірсе екен дейміз. Егер көшеде бір азаматтың денсаулығы нашарлап кетсе, сақшымыз оған алғашқы көмек те көрсете алады. Себебі, компанияда біз оған осыны үйретеміз.

Біздің компаниямызға қосыламын деген әр адамға есігіміз ашық. Бар болғаны біздің шарттарымызды орындап, талаптарымызды сай болса, болғаны. Жақсы жалақымен де қамтамасыздандырамыз.

Ал әлеуметтік желілердегі оқырман арасында кең тарап кеткен суреттер біздің ашылу салтанатымызда түсірілген”, — дейді ол.

Ал оңтүстік астананың ІІД баспасөзі болса, тілшілерге қаланы тек полиция қызметкерлерінің бақылай алатынын жеткізген болатын:

“Полиция қызметкерлерінен бөлек, қаланы “жеке патруль” қорғайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Күн сайын Алматы көшелерін 2500-нан аса полиция қызметкерлері бақылайды. Жол көлік оқиғаларын бақылайтын патрульдер адамдар көп шоғырланатын жерлерге, саябақтарға көп көңіл бөледі. Сонымен қатар, күн сайын қаладағы тәртіпті орнатуға ҚР Ұлттық Гвардиясының әскери қызметкерлері көмектеседі”, — дейді департамент баспасөзі.

 

Талқылау