Алматы халқы алғаш рет ұлттық киімдер мерекесін тойлады
Алматы қаласында алғаш рет қазақ ұлттық киімдерінің мерекесі атап өтілді. Бүгін аталған мерекеге қала жұрты атсалысып, Арбат алаңында бас қосты. Мереке барысында түрлі көрме мен ойын ұйымдастырылып, концерт өткізілді.
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Сәуірдің 23-24 күндері ұйымдастырылған шара 2016 жылдың 29 сәуірінде өтетін қазақ ұлттық киімінің мерекесіне арналады. Аталған мереке еліміздің барлық аймағында атап өтілмек.
Алматы қолөнер палатасы мен IRIS агенттіктері бірігіп, мерекенің көлемді өтуіне қолдау білдірмек ниетте. Мұнымен қатар, алдын ала ұйымдастырылған шараға Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімшілігі қолдау көрсетті. Ұлттық киімдер мерекесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады.
Арбат алаңында кәсіби сәнгерлер Fashion-шоу ұйымдастырып, танымал қазақстандық әртістер сахнада өнер көрсетті. Мұнымен қатар, зергерлер өздерінің түрлі бұйымын таныстырып, суретшілер алдына келген жанның бейнесін айнытпай салып, таңдай қақтырды.
Концерттік бағдарламада Ирина Кишкина, Ералхан Әбішев, Қуат Бағысбеков, Әсем, Ерлан Сәбит, Мади Гарин, Венера Оразбекова, Тұрғын Әли Даут сынды жұлдыздар өнер көрсетті.
Fashion-шоу барысында тың туындыларымен қуантып жүрген “Сымбат” академиясының сәнгері Балнұр Асанова өз топтамасын таныстырды.
“Мұндай шараның ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы киімдеріміз бен әшекей бұйымдарымыздың насихатталып жатқанына шексіз қуаныштымыз. Соңғы кезде төл мәдениетіміз жаңғырып, жас бойжеткендер мен жігіттеріміз өзінің патриоттығын айқындайтын киімдерді таңдауға кіріскен-ді. Мұнымен қатар, көптеген бойжеткен қазақы оюлары бар күміс әшекей-бұйым тағып жүр. Арбат алаңына келіп, қуанышымен бөлісіп жатқан барша алматылықтарға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Осы мерекені жыл сайын атап өтсек деген тілегім бар. Өйткені бұл күні қала жұрты ғана көңіл көтеріп қоймай, сәнгерлер мен зергерлер, суретшілер өз өнерін паш етіп, табыс тауып жатыр”, – дейді Алматы қаласы тұрғыны Гүли Әбдіраманова.
2016 жылдың 24 сәуірінде Арбат алаңында мереке өз жалғасын табады. Қолөнер бұйымдары көрмесі өтіп, №6 би мектебінің оқушылары “Жас қанат” тобы өнер көрсетеді. Ұлттық дәстүрді насихаттайтын “Арман” театрының ұйымдастыруымен “Қыз ұзату”, “Беташар” кішігірім спектакльдері қойылады. Аталған театрға Мүслім Жұмағалиев жетекшілік етеді.
Қойылымнан кейін “Азия” киім салоны ұйымдастырған сәнді киімдер көрсетілімі өтеді. Мұнымен қатар, қонақтар “Караван” мемлекеттік қуыршақтар театрының өнерін тамашалай алады. Шара соңында ұлттық ойындар ойнатылып, көзге түскен қонақтарға сертификаттар беріледі.
Оқи отырыңыз:
Нағыз патриоттарға арналған киімдер мен аксессуарлар
Нағыз патриоттарға арналған қазақы әшекей бұйымдар
Ғашықтар күні: Алматылықтар мерекені қалай атап өтті
Алматыда еріктілер Мәуліт мерекесіне орай қала халқына тосын сый әзірледі
Алматы студенттері троллейбус жолаушыларына мерекелік көңіл-күй сыйлады