Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп, алматылық жастарға тиімді шарттармен үй алуға көмектеседі

Алматы әкімдігі мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Алматы Жастары» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосып отыр. Жоба 35 жасқа дейінгі азаматтарға жаңа пәтер сатып алу үшін жеңілдікті заем алуға мүмкіндік береді.

Алматы әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аталған бағдарлама бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінде алғаш рет әкімдікпен салымшыларды қолдауға бағытталған келісім бекітіп отырғанын жеткізді.
«Бұған дейін тұрғын үй құрылысын қолдауға тырысып келсек, бұл жолы бірінші рет бағыт өзгертіп отырмыз. Бүгін біз Алматы әкімдігімен бірлесіп, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенетін жастар үшін арнайы осы құралды іске қосып отырмыз. Ең ірі қоржынымыздың бірі осы Алматыда. Бүгінгі күні біздің филиалда 147 мың қала тұрғынының депозиті бар, оның 50 мыңы – 20-30 жас аралығындағы жастар, есептеп көрдік. 13 мыңы биылғы жылы келді», – деп атап өтті банк төрайымы.

«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни жобаға қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 5% болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті заем беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта төлем қабілетіне қарай жеке жасалады.
Қала әкімі Бауыржан Байбек «Алматы Жастары» бағдарламасын енгізу үшін қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

«Бұл жоба жастарды ынталандырудан бөлек қала тұрғындары ақшасының Алматыда қалуына да ықпал етеді. Жеңілдетілген заемді тек Алматы қаласында ғана алғашқы үйді сатып алуға жұмсауға болады. Яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», – деп атап өтті Алматы әкімі.

Бағдарламаға қатысу үшін 10 күн ішінде өтініш беру қажет. Оны арнайы almaty-zhastary.kz сайты арқылы жасауға болады. Авторизация үшін электронды цифрлы қолтаңбаңыз болуы керек, оны жақын маңдағы халыққа қызмет көрсету орталығынан ала аласыз. Өтініш қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Жеңілдетілген несие алудың үміткерлер пулына қатысушылар «Алматы Жастары» бағдарламасы үшін арнайы әзірленген ұпай жүйесіне сәйкес іріктеледі. Ұпайға үміткердің некеде тұрған жылы, балалар саны, жұмыс өтілі мен еңбек ететін жері, жеке кәсіпкерлігі, Алматыда тіркелген мерзімі және тағы басқа факторлар ықпал етеді. Пул толық жасалған соң «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жұмыс бастайды. Ұйым үміткердің төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдығы 5% болатын жеңілдетілген заем береді. Жас алматылық ала алатын несиенің ең жоғарғы сомасы 10 млн теңге. Заем тек жаңа үй сатып алуға беріледі, пәтерді бағдарламаға қатысушы өзі таңдайды.

«Алматы Жастары» бағдарламасына қатысамын деп ниет білдірген жандарға келесі талаптар қойылады:

1. Өтініш беру кезінде қатысушы мен оның жұбайының жасы 35 жастан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұбайлардың тек біреуі ғана қатыса алады;

2. Ерлі-зайыптылар мен олардың отбасы мүшелерінің (егер олар отбасы болса) Алматы қаласында 1 жылдық тұрақты тіркеуі болуы шарт.

3. Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы тиіс;

4. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қатысушыға қатысты тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату фактілері болмауы тиіс;

5. Қатысушының Алматы қаласындағы ресми жұмыс өтілі жарты жылдан кем болмауы тиіс. Аталған талап халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, атап айтқанда:

– 1 және 2-топтағы мүгедектерге;
– мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға;
– жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға;
– кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға;
– 1 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасыларға қатысты қолданылмайды.

6. Өз-өзін жұмыспен қамтушыларда мерзімі кем дегенде жарты жылды құрайтын жеке кәсіпкерліктің мемлекеттік тіркеуі туралы куәлік болуы тиіс Кем дегенде жарты жылдық ЖК мемлекеттік тіркеуі бар өз бетінше жұмыс істейтін қалалықтар.

Бағдарлама туралы толық мәліметті Алматы қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының www.uzh-almaty.kz сайтынан және «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның www.hcsbk.kz сайтынан және 300 немесе 8-8000-801-880 , +7 (727) 380 05 23, +7 (727) 380 05 02 телефондары арқылы білуге болады, қоңырау шалу тегін.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

Талқылау